Павлодарлық оқушының дроны көлдер мен өзендердің тазалығын тексерді
Жас өнертапқыш Қайсар Жұмабек небәрі 13 жаста, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы су сапасын тексеретін тестері бар дронның прототипін жасап шығарды. Құрылғы pH, электрөткізгіштік, еріген заттардың жалпы мөлшері және басқа да маңызды көрсеткіштерді өлшей алады. Деректер компьютерге немесе смартфонға тікелей жіберіледі – жылдам, дәл және ыңғайлы.
Жоба жетекшісі Жасұлан Мендібаевтың айтуынша, идея Қайсармен әңгімеден кейін пайда болды.
– Қайсар дрондардың түрлі салада қалай қолданылатынын шабыттана айтып берді. Ата-анасы ауыл шаруашылығында дрондарды пайдаланады екен. Сол кезде дронды қолдану арқылы экологиялық жоба әзірлеуге бел будық, – дейді Жасұлан Мендібаев.

Жетекшінің сөзінше, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою, сондай-ақ профилактикалық жұмыстарда ұшқышсыз авиацияны қолдану барған сайын өзекті болуда.
– Экологиялық мәселелер бәрімізді алаңдатады. Ал су – тіршілік көзі, оны үнемі тазалық пен қауіпсіздікке тексеріп отыру қажет. Өзен-көлдердің ластануы ағынды сулар, тыңайтқыштар, өндірістік қалдықтардан болуы мүмкін. Осылайша, жобамыздың тақырыбын таңдадық, – деп түсіндірді жетекші.
Команда сапалы прототип жасау оңай болмағанын мойындайды.
– Ең басты міндеттердің бірі – тестерді дронға сенімді әрі ұқыпты бекіту. Бұл жерде 3D-баспа көмектесті. Принтердің көмегімен біз бекіткіш жасап, тестерді орнаттық, – дейді Жасұлан Меңдібаев.
Оның айтуынша, мұндай дронды қолдану аясы өте кең.
– Біздің прототип зауыттық баламалардан арзан, демек қолжетімді. Ол судың тазалығы маңызды кез келген салада қолданылуы мүмкін. Смартфонға деректерді жіберуді арнайы сатып алынған тестер арқылы іске асырдық. Қажетті анализаторды табу көп уақыт алды, бірақ біз дұрыс таңдау жасағанымызға қуаныштымыз, – деп бөлісті жобаның жетекшісі.
Тұсаукесер алдында команда ғылыми сынақтар жүргізді. Жасыбай, Торайғыр және Сабындыкөл көлдері, сондай-ақ Май ауылы маңындағы Ертіс пен Павлодардағы Усолка өзендері зерттелді. Көлдердегі көрсеткіштер сәл жоғары болғанымен, сын көтерерлік деңгейде. Ал өзендердің параметрлері қалыпты нормаға сай.
Қайсар үшін бұл жоба экологиямен тығыз байланысты және оның қызығушылығына сәйкес келеді.
– Маған технологиялардың экологияны қорғауға қалай көмектесетіні қызық. Түрлі аппараттың құрылымын зерттегенді ұнатамын, техникаға, әсіресе машина жасауға қызығамын. Географияны, әсіресе геология бөлімін жақсы көремін, – дейді жас өнертапқыш.
Инновациялық жобасын лицей оқушысы «Зерде» облыстық ғылыми жобалар байқауында таныстырды. Байқауға 478 оқушы 376 жобамен қатысты.
Май ауданынан келген оқушылар да ерекшеленді. Көктөбе орта мектебінің 4-сынып оқушылары Дәрмен Жұман мен Саян Қылышбек адам қатысуынсыз жұмыс істейтін автономды ферма моделін ұсынды. Балалар күрделі инженерлік шешімдерді бастауыш мектепте-ақ жасауға болатынын дәлелдеді.