Павлодар облысында қызылшаға шалдыққандар саны үш есеге жуық өсті
Қазақстанда қызылшамен сырқаттанушылықтың артқаны байқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, ағымдағы жылдың басынан бастап елімізде қызылшаның 11 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Оның 80%-дан астамы 14 жасқа дейінгі балалар арасында кездеседі.
– Облыста қыркүйек-қазан айларында сырқаттанушылық үш есеге жуық өсті. Сырқаттанушылық вакцина алмаған балалардың есебінен тіркеледі. Олардың үлесі сырқаттанған балалар санының 70%-ын құрайды, оның 60%-ы – ата-аналары вакцина алудан бас тартқан балалар, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Гүлмира Құлмағамбетова.
Еске сала кетейік, облыстық балалар ауруханасында бес бала қызылша диагнозымен ем қабылдап жатқан. Олардың ішіндегі бір бала қызылша ауруының асқынуы салдарынан пневманиялық дертке шалдықты. Баланың жағдайы күрделеніп, реанимацияда ем қабылдауда.