Павлодар ауданында оқушы қыз ойыншықтар жасап, табыс табуда
Әйгерім Ахметова балаларға арналған «Oiynshyktar alemi» шағын бизнес-жоспарын ойдағыдай жүзеге асыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар ауданындағы №2 Чернорецк жалпы орта білім беру мектебінің 9-сынып оқушысы М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында өткен «Bala business» байқауының облыстық турында балаларға арналған «Oiynshyktar alemi» өндірісінің старт-ап жобасын дайындады.
– Бизнесімді бастамас бұрын еліміздің нарығында бар сауда-саттықта жүрген жұмсақ ойыншықтарды зерттедім. Олар – қытайлық «Хаги-ваги мен Киси-миси», кореялық «Лала фан фан» ойыншықтары мен Қыдырәлі Болмановтың «Бал-Бала» жобасы бойынша жасалған ұлттық нақыштағы ойыншықтары. Зерттеу нәтижесінде балаларға арналған жұмсақ ойыншықтар нарығында ұсыныс аз екеніне және көбінесе шетелден келген, сапасы нашар болатынын байқап, балаларға арналған отандық жұмсақ ойыншықтар нарығы бос екеніне көз жеткіздім, – дейді Әйгерім Ахметова.
Ол осылайша өз жобасында қазақ ертегілер желісімен «Ару қыз» қуыршағы мен мультфильм кейіпкері «Аң патшасы арыстан» кейіпкерлерін алған. Іnstagram желісінде oiynshyktar_alemi_ парақшасын ашып, екі жыл шамасында сауда жасаған.
– Бизнесім өте жақсы жүріп жатыр. Балаларға арналған жұмсақ ойыншықтардың үлгілерін жасап, олардың қандай шикізаттан жасалатынын анықтадық. Бизнес-жоспарда бастапқы қажет техника мен бағалары анықталып, ай сайын болатын шығындар мен кіріс көлемі есептелді. Сонымен қатар, ай сайынғы таза пайда мен бастапқы салымдардың ақталу мерзімі де қамтылады, – дейді ол.
Қазылар алқасының мүшесі, жергілікті кәсіпкер Болат Сүлейменов барлық қатысушыларға өз бизнесін қалай бастау керектігі туралы кеңес беріп, стартап жобаларды дамыту және іске асыру үшін көптеген идеяларды ұсынды. Сондай-ақ ол «Балаларға арналған ойыншықтар әлемі» жобасы үшін екінші орын алған Әйгерім Ахметоваға демеуші ретінде 50 дана жұмсақ ойыншыққа тапсырыс берді. Кәсіпкер бұл ойыншықтарды қайрымдылық ретінде таратуға ниетті.