Павлодарлық психологтар балалардың заманауи мәселелерін шешуді үйренуде

Осы мақсатта олар әріптестерімен тәжірибе алмасып отырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының №7 орта мектебінде білім беру ортасындағы психологиялық қызметінің өзекті мәселелеріне арналған «Өзгеріс желі-2025» атты үшінші аймақтық психологтар форумы өтті.
Психологиялық форум – бұл тәжірибе алмасудың, мектеп пен отбасы арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтуға бағытталған педагог-психологтардың жұмысындағы тиімді тәжірибелерді таныстырудың кәсіби алаң.
Өңірде 588 психолог жұмыс атқаруда, олардың 100-і іс-шараға облыстың түкпір-түкпірінен жобаларын ұсынып, өз білім қорларын жаңа әдіс-тәсілдер мен дағдылармен кеңейту үшін келді. Форум басталмас бұрын облыстың әр ауданында алдын ала іріктеу жүргізілді, сондықтан Павлодарда үздік жұмыстар таныстырылды.
Павлодар қаласындағы №5 мектептің педагог-психологы, жас маман Индира Ертаева мектеп оқушыларының ата-аналарымен жұмыс жасау туралы мүмкіндігінше көбірек ақпарат алуды мақсат етеді, себебі бұл оның негізгі жұмыс бағыты.
– Екі жылға жуық қызметімде, қазір кибербуллинг дәуірі болғандықтан, балалардың өзін-өзі бағалаудың және алаңдаушылық мәселелерімен жиі кездесемін. Сондай-ақ, сыныпта балалар кездейсоқ бір-бірін ренжітуі мүмкін. Жиі келетін өтініштердің қатарында – отбасылық қарым-қатынастар. Мысалға, ата-ана бір бірімен ұрысқанда, баласы өзін кінәлай бастайды, – деп атап өтті Индира Ертаева. – Негізінен балалардың ата-аналарымен жұмыс істеп, оларға ұсыныстар беремін. Осылайша мен көптеген оқушыларға көмектестім.
Облыстық психологиялық көмек көрсету орталығының әдіскері Ирина Карпова атап өткендей, форум әріптестер арасында тәжірибе алмасу үшін ғана емес, психологтарға көмек көрсету мақсатында өткізіліп отыр.
– Психологтардың ең өзекті мәселесі – құжаттамалық жұмыс көп. Сол себептен практика азаяды. Тәжірибеге келетін болсақ, жұмыстағы ең қиын нәрсе - жалпы білім беретін мектептерде оқитын мінез-құлқы немесе ақыл-ойы бұзылған балалар. Ал егер ата-аналар мәселені шешуден бас тартатын болса, психологтың жауапкершілігі екі есе артады. Сондықтан біз мамандарға көмектесеміз, – деп мысал келтірді Ирина Карпова.
Балалар арасындағы мәселелердің күшеюіне байланысты облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары психологтарға көмектесетін келесі жылға «Процессия» деген жобаны әзірледі. Супервизияға мамандандырылған суицидологтар мен психоневрологтар қосымша кәсіби көмек көрсету үшін кіреді.
Бұл саладағы тағы бір мәселе – кадр тапшылығы. Қазір 1500 оқушысы бар кез келген қала мектебінде екі психолог жұмыс істейді. Алдағы жоспарларда бір психологқа бес жүз оқушыдан келетіндей етіп штатты кеңейту арқылы мамандардың жүктемесін азайту қарастырылған. Қазір бұл мәселемен ҚР Оқу-ағарту министрлігі айналысуда.
Фото: автор