Павлодарда жаңа мозаикалық арт-нысан пайда болады

Павлодарда жаңа мозаикалық арт-нысан пайда болады
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Бұл туралы қала әкімі Хасар Хабылбеков Instagram парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қала әкімінің айтуынша, оған павлодарлық тұрғын Татьяна әлеуметтік желі арқылы байланысқа шығып, өз қолымен ауласына жасаған әсем мозаикасын көрсеткен.

– Оның жұмысын көру және жаңа жобаның идеясын талқылау үшін бардық. Мұндай бастамалар шабыт береді – дәл осындай белсенді және шығармашыл тұрғындардың арқасында Павлодарымыз барған сайын жайлы, жарқын әрі әсем қалаға айналуда», – деп жазды қала басшысы.

Биыл Павлодарда жағалаудағы мурал жобасы мен Қаныш Сәтбаевқа арналған тұрғын үйдің қабырғасындағы мурал жүзеге асқан болатын. Енді әкімдік Татьянаның идеясын қолдауға дайын екенін айтты.

– Бірлесе отырып, болашақ мозаиканың орнын және тақырыбын анықтаймыз. Ауа райы қолайлы болған сәтте жұмысты бастаймыз, – деді Хасар Хабылбеков.

Өз кезегінде қала тұрғыны бұл іске 37 күн жұмсағанын және қаланы көркейтуге өз үлесін қосқысы келетінін алға тартты.