Өртпен күрес аяқталды: «Ертіс орманы» резерваты қауіпті маусымнан аман өтті

Өртпен күрес аяқталды: «Ертіс орманы» резерваты қауіпті маусымнан аман өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Резерват аумағында 80 орман өрті тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2025 жылғы 7 қарашада Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында өрт қауіпті маусым ресми түрде аяқталды.

– 2025 жылдың 7 сәуірінде басталған өрт қауіпті кезең ішінде резерват аумағында жалпы 80 орман өрті тіркелді. Тіркелген жағдайлардың басым көпшілігі – 78 жағдай, яғни 99%-ы – найзағай түсудің салдарынан болды. Қалған екі жағдайдың бірі электр беру желілерінің қысқа тұйықталуынан, ал екіншісінің себебі анықталмаған. Өрт қаупі кезеңі бойы «Ертіс орманы» МОТР-дің өртке қарсы бөлімшелері тұрақты түрде дайындық режимінде жұмыс істеді. Орман күзетінің жедел әрі үйлесімді іс-әрекетінің нәтижесінде өрт ошақтары дер кезінде жойылып, үлкен залалдың алды алынды, – деді «Ертіс орманы» МОТР баспасөз қызметі.

Ведомствода атап өткендей, маусым ішінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді алдын алу шаралары жүргізілді. Атап айтқанда, құрғақ өсімдіктерге қарсы өртпен тазалау жүргізілді, минералданған жолақтар төселіп, жаңартылды, мемлекеттік орман қоры шекараларында шөп шабу жұмыстары орындалды. Сонымен қатар, ормандағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша халықпен және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен нұсқамалар мен түсіндіру жұмыстары өткізілді.