Болашаққа – жауапкершілікпен: павлодарлық студенттер экологиялық жоспар жасады
Шара жоғары электроника және коммуникациялар колледжінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жасыл ел» Павлодар облыстық штабының менеджері Гүзель Қапенованың айтуынша, экологиялық бағыттағы мұндай кездесулер жастар арасында ай сайын өткізіліп тұрады және «Таза Қазақстан» республикалық акциясының негізгі бөлігі болып табылады.
– Іс-шара үш кезеңді қамтиды. Бірінші кезеңде студенттер арасында эковикторина ұйымдастырылып, олардың экология жөніндегі білімдері тексерілді. Екінші кезеңде тәжірибелік жұмыс жүргізілді. Онда сілті мен қышқылдың суға әсері көрсетілді. Ал үшінші, ең маңызды кезеңде қатысушылар болашаққа арналған экологиялық жоспарлар мен плакаттар жасап, өз идеяларын қорғады, – дейді Гүзель Қапенова.
Оның айтуынша, бұл бастама студенттердің табиғатқа деген көзқарасын өзгертуге және экологиялық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.

– Біз жастардың тек білім алып қана қоймай, табиғатты қорғауға белсенді қатысуын қалаймыз. Бір адамның еңбегі аз көрінуі мүмкін, бірақ бәріміз бірігіп әрекет етсек, үлкен нәтижеге қол жеткіземіз, – деп бөлісті ұйымдастырушы.
Іс-шараға шамамен 30–50 студент қатысты. Шараның белсенділерінің бірі, колледж студенті Ілияс Гандалоев экологиялық викторина барысында өз ойымен бөлісті.
– Экология – біздің өмір сүріп жатқан ортамыз. Ауа, су, жер барлығы бір-бірімен байланысты. Табиғатты қорғау – әр адамның міндеті. Осындай іс-шаралар бізге жауапкершілік пен бірлік сезімін ұялатады, – дейді жас қатысушы.
Ілияс Гандалоевтың айтуынша, бұған дейін де экологиялық бағыттағы жобаларда атсалысып жүрген. Ол мектеп кезінде ағаш отырғызу акцияларына, сенбіліктерге жиі қатысқанын айтты.
– Біз студенттердің тың ойларына әрдайым ашықпыз. Егер жастардың ұсынған жобалары қызықты болса, болашақта оларды жүзеге асыруға қолдау көрсетеміз. Бұл – экологиялық қозғалысты дамытудағы басты мақсатымыз, – дейді Гүзель Қапенова.
Павлодар облысында «Жасыл ел» штабы жыл бойы экологиялық сенбіліктер, жастар акциялары, табиғатты қорғау сабақтары мен танымдық тренингтер ұйымдастырып келеді. Ал «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы өткізілген іс-шара – сол бастамалардың жалғасы.