Павлодарлық спортшы грэпплингтен әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді

Павлодарлық спортшы грэпплингтен әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді
Фото: Заирбек Абылқадыров

Ол спорттың бұл  түрімен 14 жасынан бері айналысып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«BEK TEAM» грэпплинг және джиу-джитсу академиясының тәрбиеленушісі, 20 жастағы Жасұлан Арслан Грецияның Лутраки қаласында өткен Әлем чемпионатында 71 келі салмақ дәрежесінде күресіп, финалда француз спортшысымен сынға шығып, екінші орынды иеленген.

Жас спортшының айтуынша, грэпплинг спорты – әртүрлі күрес түрлерінің элементтерін біріктіретін ерекше бағыт. Бұл спорт денсаулыққа қауіпсіз, жарақат алу қаупі төмен және техника мен икемділікке көбірек мән беріледі. Сол себепті денсаулыққа зиян аз. 

Әлем чемпионатына 18 бен 20 жас аралығындағы, 20 елден келген спортшылар қатысты. Спортшының айтуынша, жарысқа қатысу оңай болған жоқ. Жас спортшының жеке жаттықтырушысы – Заирбек Абылқадыров. Ол Павлодардағы «Рахмет» базары маңындағы үш қабатты спорт залда шәкірттерін дайындайды.

– Біздің залда барлық қажетті жағдай жасалған. Жаттықтырушымыз дайындық бағдарламасын өзі жасайды. Біз аптасына алты рет жаттығамыз, – дейді Жасұлан Арслан. 

Спортпен қатар ол жоғары оқу орнында білім алып, сондай-ақ университеттің әскери кафедрасында оқып жүр. Ол бос уақытында жас балаларды жаттықтырады.

– Қазір жиырмадан астам шәкіртім бар. Балаларды төрт жастан бастап қабылдаймын. Алдымен оларға базалық дайындық – дұрыс құлау, жаттығу, созылу сияқты негізгі қимылдарды үйретемін. Әр балаға жеке назар керек, – дейді ол.

Оның сөзінше, спортта ең бастысы – тәртіп. Тәртіп болмаса, нәтиже де болмайды. Кейде қиындықтар болады, бірақ сол қиындықтарды жеңе білген адам ғана жеңіске жетеді.