Железиндік жас спортшы Қазақстан жазғы чемпионатында алтын медаль жеңіп алды

Железиндік жас спортшы Қазақстан жазғы чемпионатында алтын медаль жеңіп алды
Константин Шелковтың фотосы

Жарыстың алғашқы күнінен-ақ жергілікті спортшылар жақсы нәтиже көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шілде аяғында Павлодар қаласында жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында шаңғы жарысынан Қазақстан Республикасының жазғы чемпионаты өтті. Алғашқы күндері павлодарлық спортшылар жоғары нәтижелер көрсетіп, өңір қоржынына алғашқы алтын медальды салды.

Железин ауданының тумасы Данил Акифьев алтын жүлденің иегері атанды. Ол кросс жарысында үздік нәтиже көрсетіп, чемпион болды.

–  Данилді бұл сенімді жеңісімен және жоғары спорттық жетістігімен құттықтаймын. Жеткен жетістігімен шектелмей, алдағы уақытта республикалық қана емес, халықаралық деңгейдегі биіктерді бағындыруына тілектеспін, – деп жазды өзінің жеке парақшасында Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимов.

Әкім спортшының ата-анасына және жаттықтырушыларына да алғысын жеткізді.

– Бұл жеңіс – ең алдымен ата-ананың қолдауы мен сенімінің, жаттықтырушылардың еңбегі мен төзімінің нәтижесі. Осындай жетістіктер тек жанында шынайы командасы мен сенімді тірегі бар кезде ғана мүмкін, – деді Айтуған Шайхимов.

Ол жастарды спортқа баулудағы қолдау шаралары жалғасатынын, өңірдің дарынды спортшыларын алдағы уақытта да жаңа белестерге жетелеу басты мақсаттардың бірі екенін айтты.