Tourism Vision: павлодарлықтар өңірдің сұлулығын саяхатшы көзімен көрсетеді

Tourism Vision: павлодарлықтар өңірдің сұлулығын саяхатшы көзімен көрсетеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы байқау жариялады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Басқарманың мәліметінше, «Tourism Vision: Саяхатшының көзімен бейне» байқауы өңірдің ішкі туризмін дамытуға бағытталған. Оған мобилографтар, блогерлер және видеоконтент авторлары – туған өлкенің әсемдігін көре алатын және оны камера объективі арқылы жеткізе білетін шығармашыл азаматтар қатыса алады.

– Байқауға 35 жасқа дейінгі мобилографтар мен блогерлер қатыса алады. Олардың мемлекеттік органдар мен мемлекеттік сектор ұйымдарының қызметкері болмауы шарт. Байқаудың негізгі міндеттері – ішкі туризмді насихаттау, туристік саланың оң имиджін қалыптастыру, халықты оның дамуымен таныстыру, өңірдегі қызықты әрі болашағы бар жобаларды анықтау және Павлодар облысының туризмді дамыту нүктесі ретіндегі әлеуетін көрсету. Сондай-ақ қазақ халқының аңыздары мен құпияларын ашатын жұмыстарды да күтеміз, – деді басқармада.

Видеороликтерді қабылдау 2025 жылдың 25 қарашасына дейін жалғасады. Қорытынды 26-28 қараша күндері шығарылады. Қатысу үшін 15-25 қараша аралығында Instagram немесе Facebook-тегі жеке парақшада бейнеролик жариялап, Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты туризм бөлімінің аккаунтын – @visit_pavlodar.obl белгілеп, сондай-ақ видеоны YouTube-ке уақыт шектеусіз ашық қолжетімділікпен жүктеу қажет.

– Сонымен қатар жұмыстарды turizmpvl@mail.ru электронды поштасына жіберу керек. Роликтің ұзақтығы екі минуттан аспауы тиіс. Бейне кез келген құрылғымен – фотоаппарат, телефон, планшет немесе бейнекамерамен түсірілуі мүмкін. Видеода фотосуреттер қолдануға болмайды, – деп нақтылады ұйымдастырушылар.

Жұмыстарды бағалау үшін сарапшылардан тұратын қазылар алқасы құрылады. Олар видеоларға талдау жасап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайды. Бейнероликтер тақырыпқа сәйкестік, мазмұндылық, сценарийдің ерекшелігі, орындау сапасы және эмоционалды-эстетикалық әсері бойынша бағаланады.

Жүлделі орындарға ие болған қатысушыларға дипломдар мен құнды сыйлықтар табысталады.