Роналду миллиардер атанды

Ол тарихтағы ең бай футболшылардың тізіміне қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлемге әйгілі португалиялық футболшы Криштиану Роналду тарихтағы ең бай спортшылардың бірі атанды.
Forbes мәліметінше, оның мансабындағы жалпы табысы 1 миллиард АҚШ долларынан асып, ол бұл межеге жеткен алғашқы футболшы болды.
Қазіргі таңда 39 жастағы Роналду Сауд Арабиясының кәсіби лигасындағы «Аль-Наср» клубында өнер көрсетеді. Оның байлығы клубтық жалақылардан бөлек, демеушілік келісімшарттар мен жеке кәсіпкерлік жобалар есебінен қалыптасқан.
Мансабы барысында Роналду «Манчестер Юнайтед», «Реал Мадрид» және «Ювентус» секілді әйгілі клубтарда рекордтық жалақы алған. Ал Сауд Арабиясындағы қазіргі келісімшарты кәсіби футбол тарихындағы ең табысты келісімдердің бірі болып саналады.
Футболдан тыс табыстары да Роналдудың қаржылық жетістігіне айтарлықтай әсер етті. Ол Nike компаниясымен өмір бойғы демеушілік келісімге ие және CR7 атты жеке бренді бар. Аталған бренд аясында киім, парфюмерия, көзілдірік, фитнес орталықтары мен қонақүйлер жұмыс істейді.