Аманаттықтар Аққулы ауданында сайлауалды бағдарламаның жүзеге асырылуын бақылады
Аудан ауылдарында жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылып, жаңа жұмыс орындары ашылғаны атап өтілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
11 қараша күні Аққулы ауданына «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбай мен филиалдың атқарушы хатшысының орынбасары Айнұр Мұхамедьярова жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында партияның саяси кеңесі бюросының және депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Оған ауданның партиялық активі, саяси кеңес мүшелері және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы мен партиялық жобалардың жүзеге асырылуы болды.
Аудан әкімі Руслан Мұқановтың айтуынша, жол картасына тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға және сайлаушылар аманаттарын орындауға бағытталған 48 іс-шара енгізілген. Қазіргі уақытта сегіз тармақ орындалу үстінде, кейбірінің жүзеге асу мерзімі әлі жеткен жоқ, ал жас кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру мәселесі республикалық бюджеттен қаржыландырудың болмауына байланысты орындалмайды.
Өз ауылдық округтерінде атқарылған жұмыстар туралы Аққулы ауылдық округінің әкімі Дастан Бейсенбаев пен Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Динара Қалиақпарова баяндады.
Аққулы ауылында көшелер жарықтандырылып, асфальт төселді, «Жігер» спорт алаңы салынды, орталық су құбырына қайта жөндеу жүргізілді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында алты тұрғын жеңілдетілген несие мен грант алып, жұмыс орындарын ашты. Олардың қатарында шаруашылық сабын өндіру, қой жүнін өңдеу, шаштараз және киім тігетін шеберхана сияқты бағыттар бар.
Қызылағаш ауылында тұрмыстық қалдықтар төгетін арнайы орын ұйымдастырылып, үш бейнебақылау камерасы орнатылды. Ауыл клубының құрылысы 2026 жылға жоспарланған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша үш тұрғын өз жобаларын жүзеге асыру үшін жеңілдетілген несие алды: мал шаруашылығы, бие сүтін өңдеу және қолдан жасалған тоқыма бұйымдары өндірісі.
– Әр жоба тұрғындарға нақты пайда әкеліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және аудан өмірінің сапасын арттыруға бағытталуы маңызды. Біз атқарылып жатқан жұмысты көріп отырмыз және ауылдық елді мекендерді дамыту мен кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бастамаларды әрдайым қолдайтын боламыз, – деп атап өтті Асылбек Туғанбай.
Жиын қорытындысында Аққулы ауданы тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған алдағы жұмыс басымдықтары айқындалды.