Жұқа мұзға шығу қауіпті: Павлодарда ТЖД мас азаматты аман алып қалды
Құтқарушылар арнайы жабдықтарды қолданып, азаматты қауіпсіз жерге шығарды және полицияға тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, құтқарушылар Усолка өзенінде жұқа мұзға шығып, өз өміріне қауіп төндірген азаматты құтқарып, жазатайым оқиғаның алдын алды.
– Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар 1981 жылы туған ер адамның мас күйінде жұқа мұздың үстіне шыққанын анықтады. Тұрақсыз және жіңішке мұз үстінде қауіпті жағдайда қалған азаматты құтқару үшін ТЖД қызметкерлері арнайы жабдықтарды пайдаланды. Оперативті әрекет ету нәтижесінде ер адам жағалаудың қауіпсіз жеріне шығарылып, одан әрі шара қолдану үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылды, – делінген хабарламада.

Ведомство өңір тұрғындарына мұз қату кезеңінде су айдындарында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаудың қажеттілігін еске салады.
Департаментте атап өткендей, жұқа мұзға шығу өте қауіпті, әсіресе ауа температурасы тұрақсыз болып тұрған жағдайда. Мас күйінде мұз үстіне шығу қауіпті одан әрі еселеп арттыратынын атап өтіп, құтқарушылар азаматтарды сақтық шараларын сақтауға шақырады.