Павлодар облысында кадр резервіне 20 адам өтті

Павлодар облысында кадр резервіне 20 адам өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Басты шарттардың бірі – өз жобасын әзірлеу болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Ескендіров өңірлік кадр резервтерін қалыптастыру өңірлерді дамытудың ерекшелігі мен басымдықтарын ескере отырып, жеті бағыт, атап айтқанда, индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылым, агроөнеркәсіп кешені және жер қатынастары, цифрландыру және экология бойынша жүргізілгенін мәлім етті.

Павлодар облысында жеті нақты салалық бағыттар мен резервшілердің саны 20 адам болып өңірлік кадр комиссиямен айқындалды. Олар сайланбалы лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарын атқара алады.

– Құжаттарды қабылдау кезеңінде өңірден барлығы 230 кандидат тіркеліп, оның ішінде іріктеуге қатысуға 151-і жіберілді. Олардың арасында бас және жетекші мамандар, қалалар мен аудандар әкімдіктері бөлімдерінің, сондай-ақ облыстың әртүрлі ведомстволары мен басқармаларының басшылары, үкіметтік емес сектордың өкілдері болды, – деді Асхат Ескендіров. –  Заңнаманы білуге арналған тестілеуден 135 адам өтті, жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуге – 71 кандидат жіберілді.

Құзыреттілікті бағалау кезеңі Астана қаласында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта Ассессмент-орталық әдісімен өткізілді. Павлодар облысында жіберілген 40 кандидаттың ішінен – 39-ы келді.

Оның ішінде, «Өңірлік кадр комиссиясында құрылымдық сұхбат» кезеңінен сұхбатқа 31 кандидат жіберілді.

Комиссия мүшелеріне, сондай-ақ сарапшыларға үміткерлер жобаларын ұсынды. Ұсынылған тақырыптардың ішінде білім беру, инклюзия, спортты дамыту, агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп, инвестициялар тарту мәселелері болды. Үміткерлер өз жобаларын статистикалық мәліметтермен, аналитикамен, слайдтармен және графикамен бекітті.

– Нәтижесінде резервшілер барлық жеті негізгі бағыт бойынша анықталды. Осылайша:әлеуметтік сала, экономика және қаржы, агроөнеркәсіп кешені және жер қатынастары бағыттары бойынша төрт адамнан, индустрия және өнеркәсіп бағытында үш адам, тұрғын ұй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылым, цифрландыру бағыттарында екі адамнан және экология саласынан бір адам өтті, – деді спикер. 

Өңірлік кадр резервтеріне қабылданған адамдардың тізімі жобаның onir.pkrezerv.gov.kz ресми сайтында жарияланды. 

Айта кетейік, өңірлік резервке қабылдау үшін Қазақстан азаматтығы, жоғары білімі, кемінде үш жыл еңбек өтілі болуы тиіс және жасы 35-тен  аспауы қажет.