Павлодарда сотталғандар құстарға арналған үйшіктер орнатты

Құстарға қамқорлық жасауды істі болған азаматтар өздері ұсынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл идеяны мекеме басшылығы қолдап, еңбек қызметінің түзету процесіндегі маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №63 мекемесінде тәрбиелік жұмыс және әлеуметтік оңалту аясында экологиялық бастама жүзеге асырылды. Жоба барысында сотталғандар алты үйшік жасап, оларды мекеме аумағындағы ағаштарға орналастырды.
– Ұя жасаған кезде әкеммен бірге бала кезімізде үйшік жасағанымыз есіме түсті. Ол әр құсқа баспана қажет екенін айтып, ауа райының қолайсыз жағдайларынан қорғану үшін ұялар қажет екенін түсіндірген еді. Табиғаттағы тіршілік иелеріне көмектесу – біздің міндетіміз, – деді сотталушылардың бірі.
Мекеме басшылығы осындай тәрбиелік және оңалтуға бағытталған жобаларды қолдауды жалғастыруды жоспарлап отыр. Себебі, мұндай бастамалар сотталғандарда жауапкершілік пен табиғатқа деген қамқорлық сезімін қалыптастыруға, сондай-ақ олардың әлеуметтік бейімделуіне ықпал етеді.