Асайын Байханов павлодарлықтарды Қала күнімен құттықтады
Аймақ басшысы мерекемен құттықтай отыра шаһардың соңғы жылдардағы жетістіктері мен алдағы даму жоспарларына тоқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Құттықтауында өңір басшысы Павлодардың қайсар рухы мен ерекше келбеті үйлескен, еңбексүйгіш әрі елжанды азаматтар мекен еткен қасиетті қала екенін атап өтті.
– Сондықтан да оның жыл өткен сайын ажарланып, тұрғындар үшін жайлы әрі көркейген шаһарға айналуы мен үшін аса маңызды, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімінің айтуынша, соңғы үш жыл ішінде қалада 200 шақырымға жуық жол жөнделіп, 300 аула абаттандырылған. Сондай-ақ 700-ден астам балалар және спорт алаңы салынды. Жаңа жылу магистральдары пайдалануға беріліп, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға мыңнан астам пәтер табысталды. Бұдан бөлек, екі заманауи мектеп пен жаңа балабақша ашылды.
Асайын Байханов бұл жетістіктердің барлығы қала тұрғындарының, кәсіпкерлер мен мемлекеттің бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
– Алда да Павлодарды бұдан да биік белестер мен игі бастамалар күтіп тұрғанына, туған қаламыздың жетістіктері әлі талай мәрте мақтанышымызға айналатынына сенімдімін, – деді өңір басшысы.
Құттықтау соңында облыс әкімі павлодарлықтарға зор денсаулық, бейбіт өмір, бақ-береке тілеп, сүйікті қаланың мерейі үстем болып, өсіп-өркендей беруіне тілектестігін білдірді.