Ақсуда заңсыз балық аулау дерегі анықталды

Ақсуда заңсыз балық аулау дерегі анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полицейлер қаскөйлерді «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қолға түсірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу қаласы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары Ақсу шағын ауданындағы Ертіс өзенінің жайылмасынан шығып келе жатқан «Нива» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Тексеру барысында көліктің салоны мен жүксалғышынан резеңке қайық, үш қап балық және балық аулауға арналған қолдан жасалған электрлі құрал анықталды.

- Балық аулау қағидаларын өрескел бұзып, тыйым салынған құралдар мен тәсілдерді пайдаланған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз балық аулау құралы тәркіленіп, автокөлік мамандандырылған тұраққа қойылды ,- деді Ақсу қаласы полиция бөлімі бастығының орынбасары Максим Кустанов.

Ведомствода атап өткендей, балық аулау кезінде тыйым салынған құралдарды пайдалану су биоресурстарына елеулі зиян келтіріп, балық қорының азаюына және табиғи тепе-теңдіктің бұзылуына ықпал етеді.

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балық аулау қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделген. Құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлығына қарай азаматтарға әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қолданылады.