Серуенге шығып адасты: Ертіс ауданының полицейлері жоғалған баланы тапты
Тәртіп сақшылары әлемді тануға құштар балаға глобус сыйлады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ертіс ауданының полицисына Сілеті ауылының тұрғынынан телефон қоңырауы келіп түсті. Ол жиенімен аудан орталығына медициналық тексеруден өтуге келді. Ауыл тұрғынының жиені үйдің ауласына ойнауға шығып, біраз уақыттан кейін көрінбегендіктен, әйел баланы өзі іздей бастады. Нәтижесіз іздеуден кейін тәртіп сақшыларынан көмек сұраған бетте, полиция бөлімінің барлық қызметкерлері іздеу жұмыстарына дереу қосылды. Екі сағаттық іздеуден кейін баланы полицейлер Арғын Тезекпай мен Қанатбек Серікберген тауып алды. Бала серуендеп, адасып қалғаны анықталды.
– Бірнеше топқа бөлініп, біз өз секторымыз бойынша іздей бастадық. және біраз уақыттан кейін жоғалған балаға ұқсас белгілері бар баланы көрдік. Оның деректерін анықтап, туыстарына баланың табылғанын хабарладық,– деді Павлодар облысы Ертіс ауданының полицейі Серікберген Қанатбек.
Үйге барар жолда полицейлер ізденімпаз және әлемді тануға құштар баламен сөйлесіп, білім күні қарсаңында оған сыйлық беруді шешті. Өз кезегінде баланың туыстары Арғын мен Қанатбекке алғысын білдірді.