«Ауыл – ел бесігі»: 2025 жылы Павлодар облысында қанша елді мекен қамтылады?
Келесі жылы 12,1 мың тұрғыны бар 15 ауылды қамту жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Әкімдіктердің мәліметінше, 57 жобаны іске асыруға 14 миллиард теңге қажет, – деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук. – Бүгінде лимит 7,8 миллиард теңге көлемінде қарастырылған. Бұл соманың одан әрі ұлғаюы спортты дамыту саласындағы салалық саясатқа, көшелерді жөндеуге және жобалық-сметалық құжаттардың дайындығына байланысты болады.
Басқарма басшысының айтуынша, жобалық-сметалық құжаттаманың дайындығы 54 пайызды немесе 31 жобаны құрайды. Әлеуметтік нысандар құрылысы жоспарланған алты ауылға талдау жүргізілген. Оның ішінде тек Баянауыл ауданының Жаңатілек ауылында барлық критерийлер бойынша оң динамика байқалады.
– Басқа ауылдарда бір-екі көрсеткіш бойынша теріс динамика тіркелді. Мысалы, Ақсу қаласының Ақжол, Ақтоғай ауданының Мүткенов, Аққулы ауданының Шарбақты, Май ауданының Баскөл, Успен ауданының Қаратай ауылдарын айтуға болады. Бұл жұмысқа сала басқармалары да жұмылдырылуы тиіс, – деді Ирина Назарчук.
Сондай-ақ басқарма басшысы келесі аптада жер қойнауын пайдалану, жол инфрақұрылымы және денсаулық сақтау салаларына қатысты 2025 жылға арналған жобаларды іріктеу бойынша жаңа бастамалар қарастырылады. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы да бар. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін жобалық-сметалық құжаттардың дайындығына байланысты лимиттер түзетілетін болады.
Еске сала кетейік, биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 15 ауылды жаңғырту жүргізілуде, тоғыз миллиард теңгеден астам сомаға 56 жоба іске асырылуда. Қосымша 900 миллион теңге салынды.