Баянауылда «Таза Қазақстан» аясында бұлақтар тазартылды

Баянауылда «Таза Қазақстан» аясында бұлақтар тазартылды
Фото: Аяужан Жетес

Оған жүзден астам ерікті қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Экологиялық акцияға Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары, еріктілер, мемлекеттік органдардың өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Министр Нұржан Нұржігітов «Мөлдір бұлақ» акциясы еліміз бойынша кең көлемде қолдау тапқанын атап өтті.

– Бүгін «Мөлдір бұлақ» акциясының екінші кезеңі салтанатты түрде басталды. Бірінші кезеңі биыл 23 наурызда Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстары мен Шымкент қаласында ұйымдастырылып, онда 10 мыңға жуық адам бір күнде 30-дан астам бұлақтың көзін ашып, 20-ға жуық су айдынының аумағында абаттандыру жұмыстарын жүргізіп, ағаш отырғызған еді. Бүгін акцияның екінші кезеңі Батыс, Шығыс, Солтүстік және Орталық Қазақстанның он екі облысында өтіп жатыр. Оның басты мақсаты – жастарды және жалпы азаматтарды табиғатты қорғауға шақыру, - деді министр.

Сонымен қатар, Нұржан Нұржігітов жақында қабылданған Конституцияда табиғатты қорғау мәселесіне ерекше мән берілгенін айтты. 

— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында министрлік өкілдері, депутаттар және басқа да ұйымдардың қатысуымен мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жастарға су ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде дәрістер өткізілді. Бұл бастамаға үш жарым миллионнан астам азамат қатысты, - деді ол.

Министр барша тұрғынды игі іске үлес қосуға шақыра отырып, бүгінде су – тіршіліктің көзі ғана емес, стратегиялық ресурсқа айналғанын жеткізді. 

Ал Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов экологиялық акцияның басты мақсаты қоршаған ортаны тазалаумен ғана шектелмейтінін атап өтті.

– Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасына Павлодар облысының тұрғындары да белсенді атсалысып келеді. Өңірімізде 40-тан астам саябақ жаңғыртылып, өзендер мен көлдердің жағалауы тазартылды. Су айдындарында кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мұның барлығы тұрғындар үшін қолайлы әрі сапалы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Дегенмен «Таза Қазақстан» дегеніміз тек көшелерді тазалау, қоқыс жинау немесе бұлақтардың көзін ашу ғана емес. Ең алдымен бұл – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың сана-сезімі мен жауапкершілігін арттыру. Біз қанша еңбек етіп, айналаны тазартқанымызбен, егер оны қайтадан ластайтын адамдар болса, атқарылған жұмыс өз нәтижесін бермейді. Сондықтан үлкендер, орта буын, жастар табиғатқа жанашырлық танытып, өзгелерге үлгі болуы тиіс, - деді Асайын Байханов.

Аймақ басшысының айтуынша, биыл Ертіс-Баян өңірінде 18 бұлақтың көзі ашылып, айналасы тазартылып, қоршаулар орнатылған. Акция аясында аумақтан шамамен 80 тоннаға жуық қоқыс шығарылған. 

– Осы игі іске атсалысқан баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Баянауыл – павлодарлықтар үшін ғана емес, бүкіл қазақстандықтар үшін қастерлі мекен. Еліміздің туын биік көтерген, ғылым мен руханияттың бесігі саналатын осы киелі өңірдің тазалығын бірге сақтайық, – деді облыс әкімі.

«Мөлдір бұлақ» акциясына еріктілерді бастап барған облыстық «Жасыл ел» штабының жетекшісі Русана Сулаймонова бұл бастаманың жастарды табиғатты қорғау ісіне жұмылдырудағы маңызын атап өтті.

– Киелі Баянауылдың табиғи тазалығын сақтау – «Жасыл ел» сарбаздарының маңызды міндеттерінің бірі. Жыл сайын екі мыңнан астам жас Сабындыкөл, Жасыбай және Торайғыр көлдерінің тазалығын сақтауға өз үлестерін қосып келеді. Осындай экологиялық акциялар жастарды ортақ мақсатқа біріктіріп, табиғатты қорғауға бейжай қарамайтын азаматтардың қатарын арттыруға ықпал етеді. Біздің басты міндетіміз – табиғатты келер ұрпаққа бүгінгі қалпында жеткізу, – деді Русана Сулаймонова.

Айта кетелік, Баянауыл баурайында өткен «Мөлдір бұлақ» акциясына жүзден астам ерікті жас қатысты. Олар өзен-көлдерді қоқыстан тазалап, бұлақтардың көзін ашуға атсалысты.