«Жасыл ел»: Павлодар облысында екі мыңнан астам жас жұмысқа кірісті
Жыл сайын еңбек жасағына келетіндердің қатары артып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XXII еңбек маусымының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараның Қазақстан Республикасы Конституциясының заңды күшіне енген күні ұйымдастырылуының өзіндік символдық мәні бар. Өңірдің бас сахнасында ұйымдастырылған дәстүрлі іс-шара жаңа кезеңге ресми түрде бастау беріп, облыстың қала-аудандарынан келген жастардың басын қосты.

Биыл өңірде «Жасыл ел» бағдарламасы аясында қатысушылар экологиялық, құрылыс және шығармашылық-еріктілік бағыттарында еңбек етеді. Жоба республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде жүзеге асып, елді мекендерді көркейтуге, табиғатты қорғауға және жастардың азаматтық жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
Павлодар облыстық «Жасыл ел» штабының директоры Русана Сулаймонованың айтуынша, еңбек маусымының ашылуы жастардың заң мен тәртіп қағидаттарын және экологиялық мәдениетті қолдайтынын айғақтайтын маңызды оқиғаға айналған.
– Жастар әрдайым заң мен тәртіп қағидаттарын, сондай-ақ «Таза Қазақстан» бастамасын қолдайды. Бұл құндылықтар қоғамдағы тазалықты, жауапкершілікті және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды насихаттайды. Бағдарлама аясында экологиялық бағыттағы жасақ мүшелері саябақтарды, жағалауларды және қоғамдық орындарды абаттандырып, көгалдандырумен айналысады. Сонымен қатар, ағаш отырғызып, гүлзарлар мен көгалдарды күтіп-баптап, аумақтарды қоқыстан тазартады, – деді ол.
Құрылыс бағыты бойынша студенттік құрылыс жасақтары өздерінің оқу орындары мен жатақханаларын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарына атсалысады. Ал шығармашылық әрі еріктілер топтары жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға тұрмыстық көмек көрсетіп, түрлі әлеуметтік және экологиялық бастамаларды іске асырады. Бұдан бөлек, Green Team құрамындағы жастар өңірлік штабтың белсенділері ретінде жастар саясаты мен табиғатты қорғауға қатысты жобаларға үлес қосады.

Бұл бастама көптеген жас үшін алғашқы ресми жұмыс орнына айналып отыр. Қатысушылар еңбек тәртібін меңгеріп, жауапкершілік пен ұжымда жұмыс істеу тәжірибесін қалыптастырады. Сонымен қатар, еңбекақы алып, жаңа оқу жылына қажетті қаражат жинауға немесе отбасына қолдау көрсетуге мүмкіндік алады. Экологиялық жасақ мүшелерінің орташа айлық жалақысы шамамен 75 мың теңгені құраса, құрылыс бағытында еңбек ететін жастар 100 мың теңгеден жоғары табыс табады.
Еңбек жасақтарына 16 жасқа толған азаматтар қабылданады. Үміткерлер алдын ала өтінім беріп, іріктеуден өткеннен кейін кезек тәртібімен жұмысқа орналасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастамаға қызығушылық жоғары болғанымен, орын саны шектеулі.

Екібастұз қаласындағы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының командирі Әнел Жұмабекқызы биыл қалаға 130 квота бөлінгенін айтты.
– Биыл жалпы 130 квота қарастырылды. Оның 50-і Екібастұз қаласының жергілікті бюджеті есебінен қаржыландырылса, 64 орын ауылдық округтерге бөлінді. Сонымен қатар, 13 квота тамыз айына сақталды. Осы кезеңде еріктілер жасағы қызмет етеді. Сарбаздар қаланы көгалдандырумен қатар, жалғызбасты қарттарға көмек көрсетіп, әлеуметтік жұмыстарға белсене қатысады, – деді командир.
Бағдарламаның жастарға берер мүмкіндігін қатысушылардың өзі де жоғары бағалайды. Марғұлан университетінің студенті Ерасыл Серікұлы студенттік құрылыс жасағында екінші жыл қатарынан еңбек етіп келеді.
– Бұл бастама студенттерге зор мүмкіндік береді. Біз университет аумағын абаттандыруға өз үлесімізді қосып жүрміз. Ең бастысы – өзіміз білім алып жатқан оқу орнының дамуына адал еңбегімізбен үлес қосу. Бүгінгі жұмысымызды ертең мақтанышпен еске алатынымызға сенімдімін, – деді студент.

Еңбек маусымының ашылу салтанаты концерттік бағдарламамен жалғасып, облыстың барлық қала-аудандарынан келген жастардың танысып, тәжірибе бөлісуіне мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылар жаңа маусымда жасақ мүшелері өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға, әлеуметтік жобаларды қолдауға және қоғамдық пайдалы іске белсенді атсалысатынын атап өтті.