Павлодарда саяси қуғын-сүргін және аштық жылдары туралы кітап көрмелері қойылды

Кітапханашылар Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» атты кітап көрмесіне саяси қуғын-сүргін және аштық жылдары туралы баяндайтын басылымдар ұсынылған. Онда Т.Омарбековтің «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті», «Аштық жайлаған дала» еңбегі, Б.Қойшыбаевтың төрт томдық «Түнектен оралған есімдер» деректер жинағы, «Азалы кітап» аталатын еңбегі, Г.Дулатованың «Алаштың сөнбес жұлдыздары» және 1930-1938 жылдар аралығында аты аңызға айналған Қазақстанның ақын-жазушылары туралы мәліметтер қойылған.
Олардың ішінде жазықсыз жазаланғандардың арасында С.Д. Асфендияров, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев,С.Сейфуллин,Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Дулатов т.б. туралы құнды еңбектер бар.
Көрменің ерекше бөлімі «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары XX ғасырдың 20-50 жылдары» атты 33 томдығына арналған.
Іс шара барысында Павлодар облысы мемлекеттік архивінің қызметкері Күләш Оразымбетқызы Есімханова оқырмандарға зұлмат жылдар туралы толық мағлұмат беріп, архивтік құжаттармен таныстырды.
Ал орталық қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен 5512 әскери бөлімде Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты тарихи-танымдық кеш өтті.
Іс-шараның мақсаты – кең көлемді қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарында құрбан болған кінәсіз жандарды еске алып, әскери қызметкерлердің тарихи санасын кеңейту және өткеннің қайғылы беттерінің шындықтарын сақтау қажеттілігін тағы бір мәрте атап өту.
Шара барысында кітапхана қорынан дайындалған «Зұлмат жылдар жаңғырығы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрмеде 1930–1950 жылдардағы репрессиялар, қазақ зиялыларының тағдыры және 1932–1933 жылдардағы ашаршылық трагедиясын қамтитын кітаптар, мақалалар мен архивтік материалдар ұсынылды.
Әскери қызметкерлерге арнайы дайындалған бейнематериал көрсетілді. Видеороликте қуғын-сүргін құрбандарының тағдыры, куәгерлердің естеліктері, сирек кездесетін архивтік кадрлар және тарихи жадты сақтаудың маңызы туралы тарихшылардың ой-пікірлері берілді.
Кеш аясында Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин сияқты саяси қуғын-сүргін құрбаны болған қазақтың көрнекті тұлғаларының тағдырлары жайлы әңгімелер айтылды.
Іс-шара құрмет пен тарихи сананы терең түсінумен өтті. Әскери қызметкерлер тақырыпқа қызығушылық танытып, сұрақтар қойып, көргендері мен естігендерін талқылады. Мұндай кездесулер азаматтық сезімді, тарихи жауапкершілікті және патриотизмді тәрбиелеуде маңыздылығын ерекше атап өтті.