Павлодарда қазақ күресінен республикалық турнир өтті
Додада 200-ге жуық спортшы бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін «Баянтау» спорт кешенінде Ұлы Отан соғысының ардагері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Рымтай Ізбастинді еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнирдің салтанатты ашылуы өтті.
Жарысқа Ақмола, Абай, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарынан, сондай-ақ, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 187 спортшы қатысты.
Ең мықты деген балуандардың басын қосқан жарысты облыс әкімі Асайын Байханов бастап берді.
- Сіздермен Ұлы Отан соғысының ардагері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Ізбастин Рымтай Ізбастыұлын еске алуға арналған дәстүрлі республикалық турнирде жүздескеніме қуаныштымын. Бұл залда еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең үздік балуандар жиналды. Әлсіз қарсыластар болмайды, әрбіріңізге жеңіс тілеймін, - деді өңір басшысы.
Жарыс қорытындысы бойынша, жасөспірімдер арасында 82 келі салмақ дәрежесінде Теміртас Файзулла және 42 келі салмақта Аңсат Коховай жеңімпаз атанды. Ал ерлер арасындағы додада қызылордалық Еламан Ерғалиев үшінші орынға табан тіресе, екінші орынды маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғапов иеленді. Тараз қаласының намысын қорғаған Ғалымжан Қырықбаев чемпион атанды.
Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйлықтармен және медальдармен марапатталады.