«Ұлы дала жорығы»: Павлодарда республикалық марафон-бәйгесінің үшінші маусымы бастау алды
Өңіріміздің құрамасы жетінші болып, ат жарысында бағын сынады, деп хабарлайды @pavlodarnews.kz тілшісі.
Атамекен ауылында Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Ұлы дала жорығы» республикалық іріктеу марафон-бәйгесі өтті. Оған еліміздің 20-ға жуық облысы қатысты. Жиынның ашылу салтанатына Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, марафон-бәйгенің тең ұйымдастырушысы Әлібек Әлденей, «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков қатысты.
– Атақты геолог-ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың орны ерекше. Ғылымның іргетасын қалап, бірінші қазақ академигі атанған ұлағатты атамыздың биыл 125-жылдық мерейтойын атап өтудеміз. «Ұлы дала жорығы» атты марафон-бәйгесі биыл Қаныш атамыздың мерейтойына арналған. Шабандоздарға тілейтінім – сәттілік. Бүгінгі дүбірлі додамыз халқымыздың рухын көтеруге әсерін береді деген ойдамын, – дейді аймақ басшысы Асайын Байханов.
Облыс әкімінің сөзінше, Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Ұлы дала жорығы» бәйгесі ұлттық спорттың дамуына ғана емес, ұлттық болмысымыз бен тарихымызды тануға, ұлттық рухтың оянуына зор қозғау салып отыр.
Сонымен қатар, «AMANAT»-тың атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек партия ұлттық спорт түрлерін дамытуға, мәдени және тарихи мұраны насихаттауға бағытталған бастамаларды әрдайым қолдайтынын атап өтті.
Жоба «Аманат» партиясы, Ұлттық спорт қауымдастығы және Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып отыр.
– Алдыңғы жылдары бәйге республикалық деңгейінде ғана өткен болатын. Биыл мерейтоймен ұштасып жатқанына қуаныштымыз. Бұдан бөлек, барлық командалардан алға шығып отыратын, арнайы рекорд үшін бір жүйрік атымызды әкелдік, – деп атап өтті Түркістан облысы құрамасының жетекшісі Бақытбек Жакупов.
Оның айтуынша, әр облыста ұлттық ат спортының дәстүрлерін дамытып, оларды ұрпақтан ұрпаққа мұра етуге бағытталған «Бәйге Федерациясы» бар. Бүгінде құраманың атынан бес ат бәйгеде сынға түседі.
– Ата-бабам ат баптаумен айналысып келеді. Биыл ат бәйгелеріне қатысып жатқанымызға үшінші жыл болады. Былтыр сәтсіздіктермен аяқталғанымен, осы бәйгеден жеңіс күтеміз, –дейді Түркістан облысы құрамасының қатысушысы Думан Зуфаров.
Спикер аламан бәйгеге үлкен дайындықпен келгенін сөз етті. Оның сөзінше, бір уыстың жүгін арқалап келгендіктен, жүлделі орыннан үміт етеді.
Бес күнге жалғасатын іс-шараның талаптары бойынша, командалар күн сайын 100 шақырым жол жүріп өтуі тиіс. Әр 50 шақырым сайын командалар мен олардың аттарына демалуға мүмкіндік беріледі. Құрамалардың жолға шығу уақыты әртүрлі. Бірінші команда сағат 07.00-де, келесілер екі минут аралықпен жолға шығады. Нәтижесінде соңғы команданың сапары 07.36-да басталады. Командалардың қандай нөмірмен жарысатыны жеребе тарту барысында анықталды.
Құрамалар бір-бірімен жарыспайды, өйткені әрқайсының қозғалыс уақыты әртүрлі. Барлық қашықтықты ең қысқа уақытта еңсерген команда жеңімпаз атанады. Жалпы алғанда, 500 шақырымдық марафон-бәйге Павлодар – Астана бағыты бойынша өтеді. Кем дегенде үш құрама мәреге жетуі керек деп көзделген.
Сондай-ақ, жеңімпаз команда Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға мүмкіндік алады.
Айта кетейік, «Ұлы дала жорығы» күзде елімізде өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енгізілді. Яғни, жорық халықаралық деңгейге көтерілді. Халықаралық бәйгеге 10 ел қатысады деп жоспарлануда.
Посмотреть эту публикацию в Instagram