Павлодарда қарсы жолаққа шыққан жүргізуші жауапқа тартылды
Жол ережесін өрескел бұзған жүргізушіге қатысты әкімшілік материал сотқа жолданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Академик Сәтбаев көшесінде болған. Lada автокөлігінің жүргізушісі уақыт үнемдеу мақсатында жолдың тұтас сызығын кесіп өтіп, қарсы қозғалыс жолағына шыққан. Салдарынан қарсы келе жатқан көлікпен бетпе-бет соқтығысу қаупі туындаған.
– Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік материал жиналып, сотқа жолданды. Мұндай өрескел заң бұзушылық үшін заңнамада көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі қатаң жаза көзделген, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.
Полицейлер қарсы қозғалыс жолағына шығу жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін еске салып, жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.