Өзін-өзі жұмыспен қамтитын және жалдамалы жұмыс істейтін павлодарлықтар салықты қалай төлейді?

Өзін-өзі жұмыспен қамтитын және жалдамалы жұмыс істейтін павлодарлықтар салықты қалай төлейді?

Мемлекет мұндай санаттағы азаматтарға қатысты салықтың жаңа жүйесін енгізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы ӨКҚ-де өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Галина Бирюкова мәлім етті. 

Бұған дейін жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғалар салықтың жеңілдетілген түрі бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлейтін. «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы бұл төлемді әрі қарай тиісті жерлерге бөліп төлейтін.

– Бұл төлемнің мақсаты – тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамту жүйелеріне тарту, – деді Галина Бирюкова.

Мұның бәрі азаматтардың медициналық көмекті уақытында алуына, болашақта зейнетақылары жоғары болуына әсер етеді. 

Алайда, БЖТ 5 жылға ғана арналған. 2023 жылға дейін жұмыс істеді. Галина Бирюкованың айтуынша, енді БЖТ төлеп келгендер салықтың қандай түрін төлейтінін таңдауы керек. Олар не кәсіпкер ретінде тіркелуі керек немесе жалдамалы қызметкер болып тіркелуі қажет. 

Бұған дейін БЖТ төлеп келгендерге биылдан бастап «e-Salyq Business» арнайы мобильді қосымшасын қолдану ұсынылуда. Қосымша арқылы көрсеткен қызметке чек беруге, төлемдер қабыладуға да болады. Сонда қосымша салықтарды өзі төлейді. 

–  Мұнда төлем сомасы бұрынғыдан көп болады. Оны жасырмаймыз. Зейнетақы қорына аударатын соманың өзі ең төменгі жалақы мөлшерінен 10 пайызды құрайды. Бұл 7 мың теңге. Медициналық сақтандыруға 5 пайыз, әлеуметтік төлемге 3,5 пайыз мөлшерінде алынады. Барлығы бюджеттен бөлек қорларға төлем 14 350 тңгені құрайды, – деді Галина Бирюкова.

Сонымен қатар, жалдамалы қызметкерлерін көрсетпейтін кәсіпкерлер немесе жалдамалы жұмыс жасап жүрген адам еңбек келісімшартын жасамайтын жағдайлар бар. Мұндайда жұмыс берушілерге «еңбек төлемі қорынан бірыңғай төлем» жасау ұсынылуда. 

–  Бұл жағдайда жұмыс беруші жұмыскердің жалақысынан 20 пайызын төлем жасап аударады. Сонда жұмыс берушіге салмақ салынбай, төлетйін жалақы қорына жүктеме азаяды, – деді Галина Бирюкова.

Одан бөлек, кәсіпкерлерге жаңа форматтағы бөлшектік салық енгізілуде. Бұл 2 млрд 70 млн теңгеге дейін табысы бар кәсіпкерлерге арналады. Мұндай форматтағы салық түрін облысымызда 105 кәсіпкер қолдануда.