Павлодар облысында құрғақшылықта шаруаларға көрсетілген көмектің нәтижесі айтылды
Қолдау жеті бағыт бойынша жүзеге асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі
Асайын Байханов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында ағымдағы маусымның қортындысын шығарды.
– Ауа райының қолайсыздығы ауыл шаруашылығы жұмысына түзетулер енгізді. Осыған орай, диқандарды қолдау және қуаңшылықтың зардаптарын барынша азайту үшін қажетті шаралар қолға алынды.
Біріншіден, шаруалардың мал азығын дайындауға кететін шығынын азайту үшін жергілікті бюджеттен үш миллиард теңге бөлінді. 1,5 мыңнан астам мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар мемлекеттік қолдауға ие болды.
Екіншіден, арзандатылған жанармай көлемі 4 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Биыл оның бағасы 232 теңге, ол нарықтық бағадан 21 пайызға төмен.
Үшіншіден, шөп шабуға мемлекеттік орман қоры жерлерінен 25 мың гектардан астам қосымша шабындықтар бөлінді. Соның арқасында 20 мың тоннаға жуық шөп дайындалды.
Төртіншіден, павлодарлық ауыл шаруашылығы кәсіпорнында тоқырау кезеңінде 5 мың тонна көлемінде астықты тұрақтандыру қоры құрылды.
Бесіншіден, Үкіметтің қолдауымен мал шаруашылығындағы инвестициялық шығындарды, тұқымдарды, пестицидтерді, минералды тыңайтқыштарды, асыл тұқымды және селекциялық жұмыстарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 6,8 миллиард теңге бөлінді.
Алтыншыдан, облыстағы 38 шаруа қожалығы құрғақшылыққа байланысты 1,3 млрд теңге көлемінде сақтандыру төлемдерін алды.
Жетіншіден, 95 несиенің мерзімін ұзарту мәселесін пысықтадық, оның 42 -і мақұлданды.
– Алдағы мал қыстауына облыста 1,2 миллион тонна шөп дайындалды. Сонадай-ақ, құрғақшылық жағдайлары өңірді қарқынды суаруға көшуге ынталандыратынын атап өткен жөн. Суармалы жер көлемі 15,8 мың гектарға ұлғайып, 166 мың гектарды құрады,– деді Асайын Байханов.
Оның сөзінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының19 позициясындағы14-нің бағасы орташа республикалық бағадан төмен, ал, 9 позиция бойынша облыс ең төмен бағамен ТОП-5 өңірге кіреді.
Әсия Серікова