Павлодар облысының табысы артып, шығыны азайды

Облыс тұрақты өсім танытуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық әкімдікте өңір басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппарат отырысында 2025 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланды. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатовтың айтуынша, облыс бюджетінің кірісі жоспарланған 305,4 миллиард теңгенің орнына 314,7 миллиард теңгені құраған. Кіріс жоспары 9,3 миллиард теңгеден астам орындалды.
- Негізгі артық орындалу жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, мүлік салығы, салықтық емес түсімдер бойынша орын алды, - деді спикер. – Барлық өңірлер облыс бойынша кіріс жоспарын орындады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кіріс 44,3 миллиард теңгеге өсті.
Түсім өсімі акциздер, жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, корпоративтік табыс салығы бойынша байқалады.
Жеңіс Шақатовтың айтуынша, облыстық бюджеттің шығыстары жоспарланған 460,1 млрд теңгенің орнына 457 млрд теңгеге игерілген.
Облыстық бюджеттің атқарылу көрсеткіштері бойынша Павлодар облысы жылдық жоспар бойынша екінші және бірінші орында тұр.
Сонымен қатар, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук атап өткендей, өңір экономикасы барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамикамен тұрақты өсуді жалғастыруда.
Жылдың тоғыз айында облыста үш миллиард теңгеге жуық өнеркәсіп өнімі өндірілді. Өңдеу өнеркәсібінде, сумен жабдықтауда, электрмен жабдықтауда және тау-кен өнеркәсібінде өсім байқалады. Инвестициялар шамамен 770 миллиард теңгеге жетті.
– Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 5,9 пайызға артты. Негізгі өсім 10,1%-ға өскен өсімдік шаруашылығында тіркелді. Құрылыс көлемі 325 млрд теңгеден асты, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,0%-ға артық. 238 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, - деп хабарлады Ирина Назарчук.
Жауапты басқармалар 2025 жылдың қазан айына дейін барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң үрдістерді болжайды.