Павлодар облысында ұнның бағасы бірден 41,8% қымбаттады
Елімізде бірінші сұрыпты бидай ұнының келісі 2022 жылғы мамырда 210 теңге болса, ағымдағы жылғы мамырда 236 теңгеге дейін өсті, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, 2023 жылғы мамыр айының қорытындысы бойынша ұн бағасы бір айда 0,2%-ға және 2022 жылғы мамырмен салыстырғанда 16,2%-ға өсті. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, өткен жылы айлық өсім 6,8%, жылдық өсім 29,9% құрады.
– ҚР өңірлері арасында бір жыл ішінде Павлодар облысында ұн бағасы бірден 41,8%-ға қымбаттаған. Одан кейінгі орында Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары – тиісінше 39,1% және 34,5%. Ал Шымкент (жылына 2%-ға), Солтүстік Қазақстан – (8,4% - ға) және Қарағанды (11,2% - ға) облыстарында бағаның сәл ғана өскені байқалады. Керісінше ҚР бір өңірінде – Алматы облысында ұн бағасы (бірақ тек 0,9%-ға) төмендеген, – деп жазылған хабарламада.
Жоғары сұрыпты бидай ұнының келісі үшін орташа баға бір жыл бұрын 322 теңге болса, 2023 жылғы мамырда 375 теңгені құрады. Павлодарда ұн келісінің бағасы 297 теңге тұрса, Астанада 442 теңгеге дейін өзгерген. Сондай-ақ, Атырау мен Ақтауда баға өскен (қалалардың әрқайсысында бір келі үшін – 428 тг), ал Ақтөбе мен Қарағандыда (тиісінше кг үшін – 300 тг және 303 тг) бағалар төмендеген.
ҚР-да дәнді және өсімдік дақылдарынан ұн өндіру ағымдағы жылдың қаңтар - мамыр айларында шамамен 1,4 млн тоннаны құрады. Іс жүзінде өндіріс көлемі бір жылда өзгеріссіз қалды. Оның 1,3 млн тоннасы ұсақ ұнтақталған бидай немесе бидай мен қара бидай сияқты әртүрлі астық қоспасынан жасалған. Бұл – 2022 жылғы қаңтар - мамырға қарағанда 0,2%-ға артық. Өз кезегінде ұсақ және ірі ұнтақталған өсімдік ұнын шығару 3,1 мың тоннаны құрады, бұл – 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,8%-ға аз.
Бидайдан басқа дәнді дақылдардан ұсақ тартылған ұн өндірісі бір жылда бірден 30,8%-ға, 1,9 мың тоннаға дейін қысқарды. Нан-тоқаш өнімдерін дайындауға арналған қоспалар өндірісі 1,7%-ға, 87,7 мың тоннаға дейін өсті.
Дәнді дақылдардан жарма, ірі ұнтақталған ұн және түйіршіктер, сондай-ақ өзге де өнімдер шығару 25,5%-ға, 33,3 мың тоннаға дейін қысқарды.