Шегірен ауылында «Ішімдіксіз ауыл» меморандумына қол қойылды

Шегірен ауылында «Ішімдіксіз ауыл» меморандумына қол қойылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Құжат қоғамдық тәртіпті нығайтуға, алкоголизмнің алдын алуға және жастар тәрбиесіне бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шарбақты ауданының Шегірен ауылында «Ішімдіксіз ауыл» профилактикалық іс-шарасы аясында тұрғындармен кездесу өтті. Жиында салауатты өмір салтын насихаттау, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың алдын алу мәселелері талқыланды.

Кездесуге Шарбақты аудандық полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Алмас Баймбет, полиция қызметкерлері, дін өкілдері, ауыл ақсақалдары және жергілікті тұрғындар қатысты.

Қатысушылар қоғамдық тәртіпті сақтау, отбасы құндылықтарын нығайту, жастар тәрбиесі және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне тоқталды.

– Қоғамдық қауіпсіздік пен салауатты өмір салтын қалыптастыру мемлекет, құқық қорғау органдары және тұрғындардың бірлескен жұмысы арқылы ғана жүзеге асады, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінде.

Шара барысында Алмас Баймбет тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде азаматтардың белсенді ұстанымы маңызды екенін айтты.

Кездесу қорытындысында аудандық полиция бөлімінің өкілдері, аудандық имам және Ақсақалдар кеңесінің мүшелері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжат алкоголизмнің алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту және ұлттық рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмысты жалғастыруды көздейді. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар құқықтық мәдениетті арттырып, жастардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне ықпал ететінін атап өтті.