Павлодарлық ақын Иса Байзақовқа арналған алғашқы деректі фильм шығады

Павлодарлық ақын Иса Байзақовқа арналған алғашқы деректі фильм шығады
Фото: Айбек Жуматов

125 жыл өтсе де, Иса Байзақовтың рухы туған жерінде жаңғырып тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Белгілі ақын, суырып салма өнер шебері Иса Байзақовтың туған өлкесінде оның өмірі мен шығармашылығын зерттеу жұмыстары үздіксіз жалғасып келеді. Бұл іске бала кезден беріліп, бүгінде өлкетанумен айналысып жүрген зейнеткер ұстаз Тұрсын Әділханқызы Иса Байзақовтың туған ауылында өсіп, сонда білім алған. 

Бір ауылдың тумасы болғандықтан болар, ол – біздің жанымызға жақын тұлға. Оның мұрасын зерттеу бала кезден бойымызға сіңген тәрбие секілді. Қазір зейнетте болсам да, осы іспен шұғылданып келемін. Мен ғана емес, бұл іске жанашырлықпен жұмылып жүргендер өте көп, – дейді Тұрсын Әділханқызы.

Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған ең құнды еңбектердің бірі – Ахат Жақсыбаевтың қос томдық тарихи романы. Онда Иса Байзақовтың тағдыры, өнер жолы жан-жақты баяндалады. Биылғы маңызды жаңалықтардың бірі – Иса Байзақовтың 125 жылдығына арналған алғашқы деректі фильмнің жарық көруі. Жобаны тарих ғылымдарының докторы, белгілі журналист Майя Бекбаева қолға алған. Бұл фильм қазір ел арасында кеңінен талқыланып жатыр. 

Бұл – ақын жайлы түсірілген алғашқы деректі фильм. Оның үстіне орыс тілінде жасалғаны – үлкен артықшылық. Өйткені өңірімізде орыс тілді көрермендер көп. Майя Бекбаеваға жұрт шын ризашылықпен алғыс айтып жатыр, – дейді Тұрсын Әділханқызы.

Иса Байзақовтың есімі ел жадында сақталып, рухани мұрасына құрмет көрсету мақсатында 1990 жылы Үлгілі ауылында музей ашылған. Оның негізін ақынның туысы, ұстаз Күләш Әбиева қалаған. Музей жанында өлкетанушылар мен зиялы қауым өкілдері тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Олардың қатарында академиктер Амангелді Құсайынов, Қабдығалым Қаржасов және жазушы Ғалымбек Жұматов бар.

Иса Байзақов – ғасырлар бойы жасайтын өнер иесі. Оның әндері, шығармашылығы ешқашан ұмытылмайды. Біз оның жерлесіміз екеніне әрдайым мақтанамыз. Ол – қазақ халқының ұлы перзенті, – дейді Тұрсын Әділханқызы.

Ақынның соңғы аманаты да ұмыт қалмады. 1946 жылы өмірден өтер алдында Жақан Сыздықовқа: «Егер мен туралы жазсаң, «Халықтың қасиетін жанмен ұққан» деп ата», – деп өсиет қалдырған екен. Биыл ақынның 125 жылдығына орай, дәл осы атаумен жаңа кітап жарық көреді.