Павлодар облысы жүктілік кезіндегі анемия бойынша екінші орында тұр

Павлодар облысы жүктілік кезіндегі  анемия бойынша екінші орында  тұр
Фото: Константин Шелков

Оның басты себебі – экология және дұрыс тамақтанбау, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық перинаталдық аурухананың акушер- гинекологы Лейла Сәдуақасова жүкті әйелдер арасындағы  теміртапшылықты анемия диагнозының себептері мен  алдын алу жолдарын түсіндірді.  

Гемоглобиннің көбеюі немесе азаюы ағзадағы темірге тікелей байланысты. Егер адам ағзасында темір жетіспейтін болса, онда қаназдық ауруына тез шалдығады. Ал қанның азаюы ағзадағы оттегі көлемінің де күрт төмендеуіне соқтырады, – дейді ақ желеңді. 

Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған ресми статистикаға сүйенсек, облыста теміртапшылықты анемия диагнозы қойылған жүкті әйелдердің үлесі 48,4 пайызды құрады. Павлодар облысы елімізде бұл көрсеткіш бойынша Солтүстік Қазақстаннан кейін екінші орында тұр.

Өңір тұрғындарының 90 пайызы анемияға шалдыққан. Оған экология және  дұрыс тамақтанбау себеп болады. Өткен жылмен салыстырғанда артты немесе кеміді деп айта алмаймын, бір қалыпты деңгейде тұр, – деді Лейла Сәдуақасова. 

Дәрігердің айтуынша, тамақтану режимінің бұзылуы, құрамында темір бар тағамдарды аз пайдалану және дәрумен жеткіліксіздігі  қаназдыққа әкеліп соғуы мүмкін.

Анемияның үш дәрежесі бар: жеңіл, орташа және ауыр. Сондықтан анемияның алғашқы белгілері байқалмауы мүмкін.  Барлығы әйелдің жеке ерекшеліктеріне байланысты. Жеңіл деңгейдегі анемияның белгілері –  әлсіздік, шаршау, терінің құрғауы және бозаруы, ентігу мен бас айналудың пайда болуы, тамақтану әдеттерінің өзгеруі, дәмнің өзгеруі. Олар бұрын ұнатпайтын тағамдарды тұтына бастауы да мүмкін. Анемиямен ауыратын жүкті әйелдің тамаққа деген талғамы өзгеруі ықтимал. Мысалы, анемияға байланысты борға  деген құштарлық та артады. Ал ауыр деңгейінде бұл деңгейлер күшейе түседі, – дейді ол.

Маманның сөзіне сүйенсек, гемоглобин жүкті әйелдерде қалыпты деңгейде 110 г/литрден жоғары болу керек. Одан төмен болса, анемия деп есептелінеді. 100-110 г/литрге дейін – жеңіл дәрежедегі  анемия,  80-100 г/литрге дейін – орта деңгейлі анемия, ал 80 г/литрден төмен болса, ауыр деңгейлі қаназдық болады. Ал 70 г/литрден төмен болса,  қан құйылады.

Тіркеу кезінде әйелдер арнайы анализдер тапсырады: жалпы қан талдауы, темір B12. Егер көрсеткіштер төмен болса, онда  диетамен бірге дәрі-дәрмектерді тағайындалады. Яғни, дәрілік және дәрілік емес емдеу әдістері. Медициналық емдеуге дәрі-дәрмектер, таблеткалар, ал медициналық емес емдеуге инъекциялар жатады, орташа және ауыр дәрежелер ауруханада емделеді.

Бала толығымен анаға тәуелді, яғни оның қаны арқылы қоректенеді. Жүктілік сәтінен бастап әйелдің қан айналымының көлемі артады және күніне құрсақтағы сәби анасы арқылы 27 литр қан мен сұйықтықты алады. Яғни, ананың жегені кіндік арқылы өтуі керек. Анасында қан аз болса, бала қан аз болып туылады. Анемия түсік тастауға әкелмейді. 25-50 г/литр гемоглобинмен де баланы дүниеге әкеліп жатқан аналар болды. Гемоглобин – оттегінің тасымалдаушысы, ал сәби оттегіге мұқтаж. Оттегінің  тапшылығы дамудың бұзылуына, жүйке жүйесінің және жүрек ауруларына әкелуі мүмкін, – деді Лейла Сәдуақасова.

Айта кетейік, балаға оттегі жетіспеушілігін УЗИ кезінде бақылай алмайды, туғаннан кейін анализдердің нәтижесінен ғана білуге болады. 

Дәрігер  анемияның алдын алу үшін ең алдымен дұрыс тамақтану және уақытымен дәрігерге қаралу маңызды екенін еске салады.