Павлодарда сот ТҮКШ мекемесінен төрт миллион теңгеден астам қаражат өндірді

Павлодарда сот ТҮКШ мекемесінен төрт миллион теңгеден астам қаражат өндірді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Көлік үстіне ағаш құлаған соң, көлік иесі мекемеге арыз білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қалалық «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің апелляциялық шағымын қарады.

2025 жылдың қазан айында Павлодар қаласындағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында тоқтап тұрған «JETOUR X50» автокөлігінің үстіне үлкен терек бұтағы құлап, көлікті зақымдаған. 

Арнайы бағалау актісінің қорытындысы бойынша иесіне келтірілген материалдық шығын көлемі төрт миллион теңгеден асқан. Осыған байланысты бірінші сатыдағы сот талап арызды ішінара қанағаттандырып, шығынды толықтай «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» ММ-нен өндіру туралы шешім шығарған болатын. Ал іске қатысы бар деп танылған «К» жеке кәсіпкерлігіне қатысты шағым оның тиісті жауапкер еместігіне байланысты қабылданбады, – делінген хабарламада.

Сот талқылауы барысында зақым келген ағаш өскен жер телімі жалпы қолданыстағы аумақ және мемлекет меншігі екені дәлелденді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай орындардағы жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау міндеті тікелей уәкілетті органға, яғни ТҮКШ бөліміне жүктеледі. 

– Судьялар үлкен бұтақтың құлауы ағашқа уақытылы әрі дұрыс күтім жасалмағанының салдары деген қорытындыға келді. Жауапкер тараптың сол күні ауа райының қолайсыз болғаны және дауылды ескерту жарияланғаны туралы уәждері мекемені заңды жауапкершіліктен босатуға негіз бола алмады, – деді мамандар.

Сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды, ал коммуналдық мекеменің шағымы қанағаттандырылмады.

Қаулы заңды күшіне енді.