Ғасырлық тарихы бар: Павлодарлық ұстаз мектептің қазақ тіліне көшуіне үлес қосқан
Мәдина Мұсабекова 1997 жылдан бастап № 7 жалпы орта білім беру мектебінде жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі Павлодар педагогикалық институтын аяқтаған соң еңбек жолын Ақтоғай ауданы Октябрь орта мектебінде бастаған. 2005 жылдан бастап Павлодар қаласындағы № 7 жалпы орта білім беру мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқаруда. Білім беру саласында көп жылғы еңбегімен танылған ұстаз бүгінде өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне зор үлес қосып, тынбай еңбек етуде.
– Бұл білім ордасында 26 жыл еңбек етсе, оның 18 жылдан астам уақытын оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етуде. Мектептің әр кезеңінің куәсі болып, біте қайнап келеді. 2006 жылы алғаш рет қазақ тілінде 1-сынып ашылған болатын. Ал 2018 жылы толығымен қазақ тілінде білім беруге көшті. Әрине, осы жылдары қаншама жұмыс атқарылды. Мәдина Даркенқызы директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары ретінде осы жұмыстың басы-қасында болып, аянбай еңбек етті, – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ментай Мұхтарова.
Мәдина Мұсабекова оқу үрдісіне жаңа инновациялық технологияларды енгізу, қол жеткен табыстарды саралау, жүйе қалыптастыру мәселелерін шешуде шеберлігі қалыптасқан, тәжірибесі мол, жетекші тұлға. Оқу-әдістемелік дайындығы мол білікті ұстаз ретінде жас мамандарды кәсіби тұрғыда табысты болуға, дамуға ынталандырады. Соның бірі Зияда Мөлдір Қуандыққызының «Менің инновациялық тәжірибем» атты педагогикалық озық тәжірибесі облыс деңгейінде қорғалып, таратуға ұсынылған.
Мектепте оқушылардың шығармашылық, танымдық қабілетін анықтау мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіледі. Атап айтсақ, «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурсына, олимпиадаларға оқушыларды тартып, олардың зияткерлік-шығармашылық әлуетін шыңдау жұмысына айрықша көңіл бөледі. Сонымен қатар өз қызметінде оқу процесінің сапасын бақылауды, оқу жоспары мен бағдарламалардың орындалуын, білім алушылардың ағымдағы үлгерімін, аралық және қорытынды аттестаттауын өткізу және дайындау бойынша жұмыстарды ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
– Бірнеше жыл облыстық мониторинг тобында «Алтын белгі» үміткерлерлерінің құжаттарын тексеруде жұмыс атқарады. Мұғалімнің педагогикалық бейнесінің негізі ретінде мәдениеті, жоғары әлеуеті, өз еңбегінің нәтижелі болуы мен жеке жауапкершілігі, шығармашылық ізденісі сияқты қасиеттері тұрады, – дейді Ментай Мұхтарова.
Мәдина Мұсабекова еңбекте жеткен жетістіктері үшін «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен, облыстың білім саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі мен кәсіптік қызметіндегі жоғары көрсеткіштері үшін Павлодар облысының білім беру басқармасының Құрмет грамотасымен, Павлодар қаласы әкімінің сыйлығымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Айта кетейік, № 7 жалпы орта білім беру мектебі 1905 жылы салынған. Бүгінгі таңда 779 оқушы білім алады.