Павлодарда салық төлеуге үлгермеген кәсіпкерлерге не істеуге болады?
Уақытша қаржылық қиындыққа тап болған салық төлеушілер салықтар мен міндетті төлемдерді төлеу мерзімін кейінге шегере алады немесе қарызды бөліп төлеуге өтініш бере алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл қызметті алу тәртібін Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндірді. Мамандардың мәліметінше, салық төлеу мерзімін өзгерту тәртібі Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 132–135-баптарымен реттеледі.
Кейінге қалдыру мен бөліп төлеудің айырмашылығы қандай?
Кейінге қалдыру кезінде салық төлеуші берешектің толық сомасын белгіленген мерзімнен кейін бірден өтейді. Мұндай мүмкіндік алты айға дейін беріледі. Ал көлденең мониторингке қатысушылар үшін бұл мерзім 12 айға дейін ұзартылады.
Бөліп төлеу кезінде қарыз ай сайын немесе тоқсан сайын тең үлеспен өтеледі. Оның мерзімі 36 айға дейін, ал көлденең мониторингке қатысушылар үшін 12 айға дейін белгіленеді.
Бұл мүмкіндік салық төлеушінің қазіргі қаржылық жағдайы төлемді уақытында жасауға мүмкіндік бермегенімен, белгіленген мерзім ішінде төлем қабілетін қалпына келтіруге негіз болған жағдайда қарастырылады.
Қандай жағдайда өтініш беруге болады?
Кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу алу үшін төмендегі негіздердің бірі болуы қажет:
• табиғи, техногендік немесе әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар, әскери іс-қимылдар және өзге де еңсерілмейтін күш салдарынан залал келуі;
• тауар өндіру, жұмыстар орындау немесе қызмет көрсету мен өткізу үдерісінің маусымдық сипаты;
• жеке кәсіпкер болып табылмайтын азаматтың ауыр мүліктік жағдайы;
• сот шешімі негізінде берешекті қайта құрылымдау;
• экономиканың стратегиялық маңызды саласында қызмет ету;
• қосымша салық есептілігін тапсыру;
• тексеру нәтижелерімен келісу (салық төлеуші бес жылдан астам уақыт бұрын тіркелген жағдайда).
Қандай төлемдерге қолданылмайды?
Салық төлеу мерзімін өзгерту мүмкіндігі төлем көзінен ұсталатын салықтарға, акциздерге, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импортталатын тауарларға салынатын қосылған құн салығына, қол қою бонусына және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін салықтарға қолданылмайды.
Ал төлемақылардың ішінде жер учаскелерін пайдаланғаны үшін және қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төленетін төлемдердің мерзімін өзгертуге болады.
Қандай құжаттар қажет?
Төлем мерзімін өзгерту банктік кепілдік, мүлік кепілі арқылы немесе қамтамасыз етусіз рәсімделуі мүмкін.
Кепілге өтімді, сақтандырылған және үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынбаған мүлік қабылданады. Жеке тұлғаның жалғыз баспанасын, сондай-ақ тыйым салынған немесе айналымы шектелген мүлікті кепілге қоюға болмайды. Кепіл шарты өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жасалуы тиіс.
Кепілсіз және банктік кепілдіксіз төлем мерзімін өзгертуге берешек сомасы 1500 АЕК-тен аспаған жағдайда рұқсат етіледі. Бұл ретте салық төлеушінің тіркелгеніне кемінде екі жыл болуы, қызметінің тоқтатылмауы, қолданыстағы кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу келісімі, сондай-ақ орындалмаған хабарламалары болмауы қажет. Көлденең мониторингке қатысушылардан қамтамасыз ету талап етілмейді.
Егер өтініш беруші белгіленген талаптарға сәйкес келмесе немесе соңғы екі жыл ішінде бұрын берілген кейінге қалдыру не бөліп төлеу құқығы төлем мерзімін бұзуына байланысты мерзімінен бұрын тоқтатылса, қызмет көрсетуден бас тартылуы мүмкін.
Өтінішті қайда және қалай беруге болады?
Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. Өтінішті электрондық цифрлық қолтаңба арқылы eGov.kz порталы мен Салық төлеушінің кабинеті арқылы онлайн беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдарына немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жеке жүгінуге мүмкіндік бар.
Өтінішке берешекті өтеудің болжамды кестесі, өтініш беру негізін растайтын құжаттар және қажет болған жағдайда кепіл мүлкіне қатысты құжаттар немесе банктік кепілдік қоса тіркелуі тиіс.
Өтініш түскен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қаралады. Қызмет нәтижесі өтініш берушіге электрондық немесе қағаз түрінде жолданады.
Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеу мерзімін уақытылы өзгерту қаржылық міндеттемелерді реттеуге және берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларының алдын алуға мүмкіндік беретінін еске салады.
