Қазақстандық сарапшы бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің оң тұстарын айтты
Ол әлемдік тәжірибені зерттеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Еліміз ағымдағы жылы бірыңғай UTC +5:00 (Дүниежүзілік үйлестірілген уақыт) уақыт белдеуіне өтті. Бірақ та, қоғамда осы шешімге қатысты екіжақты пікірлер толастар емес. Осы орайда, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің аға оқытушысы, PhD Думан Алиасқаров бірыңғай уақыт белдеуінің тиімділігі жөнінде өз пікірін білдірді.
– Табиғи жарықты тиімді пайдалануға және электр энергиясын үнемдеуге мүмкіндік береді. Яғни, бірыңғай UTC +5:00 уақыт белдеуіне өткен 16,9 млн халқы бар 12 облыс пен 3 мегаполис табиғи күн уақытын тиімді пайдалануына және оңтүстіктегі энергия тапшылығын одан әрі шиеленістірмеуге жол ашады,– деді Думан Алиасқаров.
Оның сөзінше, жаңа уақыт белдеуіне көшкен, яғни Қазақстан Республикасы халқының 80%-дан астамы бұрынғыдай қараңғыда жұмысқа немесе сабаққа асығып, күйзеліске түсіп, жүйке жүйесінің жұмысына салмақ салмайды.
– Бұл әсіресе қыс кезінде қиындық тудыратын еді. Денсаулық сақтау саласының мамандары енді уақытымен ұйықтауға, тәуліктік ырғақтың негізгі реттеушісі – мелатонин гормоны жұмысының жақсаратынына сенімді. Сондықтан, уақытты табиғи уақытқа жақын пайдалану орынды және ең алдымен жас ұрпақтың денсаулығы үшін қажет,– деп атап өтті ол.
Әлем елдерінде қолданылатын сағат пен уақытты реттеу стандарты негізінде сағаттық белдеулер картасы жасалған.
– Картадан көріп отырғанымыздай территориясы үлкен көптеген елдер – Қытай, Үндістан, Иран, Түркия, ендік бағытта орналасқан Еуропаның бірнеше елі: Франция, Германия, Польша және тағы басқалары бір уақыт белдеуін қолданады. Осының ішінде Қытайдың тәжірибесіне ерекше назар аударуға болады: жерінің аумағы бізден әлдеқайда үлкен, әлем бойынша 3-орында және Қазақстан сияқты ендік бағытта орналасқан,– деді Думан Алиасқаров.
Шығыс пен батыс аралығындағы сағат айырмашылығына, жердің шалғайлығына қарамастан Қытайда Гонконг пен Макаоны қоса алғанда бір ғана UTC +8:00 сағаттық белдеуі қолданылады. Бұл экономиканы аумақтық тиімді ұйымдастыру және көлік қатынастарын басқаруды жеңілдету үшін жасалған іс-шаралар ретінде қабылданды.
– Сондықтан, еліміз жағдайында бір уақыттық белдеуге көшуден мін іздеудің қажеттілігі жоқ. Тек, Шығыс Қазақстанның кейбір өңірлерінде уақытқа бейімделу мәселелер туындатуы мүмкін (облыс халқының республикадағы үлесі – 3,5%). Бірақ, бұл мәселені шиеленістіреді деп ойламаймын.
Ол Қазақстан халқының 96,5 пайызына тиімді шешімді қабылдау қажет деп санайды.