Павлодар облысы ауыл шаруашылығы бойынша елдің алдыңғы бестігіне енді

Павлодар облысы ауыл шаруашылығы бойынша елдің алдыңғы бестігіне енді
Фото: Есенжол Исабек

Биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнімі алғаш рет жарты триллион теңгеден асты, деп хабарлайды @Pavlodanews.kz тілшісі.

Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне орай Естай атындағы мәдениет сарайында салтанатты шара өтіп, өңір аумағында бұл салада еңбек етіп жүрген 40-қа жуық үздік шаруалар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Мерекелік кешке өңір аграрлары, еңбек ардагерлері мен сала мамандары қатысты.

Шара барысында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов құттықтау сөз сөйлеп, ауыл еңбеккерлерінің маңызын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы екінші агрофорумда шаруашылық қызметкерлеріне ерекше құрмет білдіріп, ауылды дамытуға жаңа міндеттер жүктеді. Маңдай терімен тапқан осы жылғы нәтижелер бәрімізді қуантады. Ыстық пен суыққа шыдап, туған жердің топырағын түлетіп, дастарханымызға береке беріп отырған сіздерсіздер. Сол үшін баршаңызға бас иіп алғысымды білдіремін, – деді аймақ басшысы.

Әкімнің айтуынша, Ертіс өңірінің аграрлары қазақстандықтарды әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етіп келеді. Павлодар облысы бүгінде елімізде өндірілетін қарақұмықтың 65 пайызын береді. Сондай-ақ елдегі сәбіз бен картоптың әрбір үшінші келісі осы өңірде өсіріледі.

Биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнімі алғаш рет жарты триллион теңгеден асып, Павлодар облысы Қазақстан бойынша ауыл шаруашылығындағы топ-5 өңірдің қатарына кірді.

Президент тапсырмасына сәйкес, аграрлар биыл 30 миллиард теңгеден асатын жеңілдетілген несие түрінде мемлекеттік қолдау алды. Өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніне салынған инвестициялар көлемі 225 миллиард теңгеден асты, бұл – облысқа тартылған барлық инвестицияның 20 пайызы.

Павлодар қаласынан 40 шақырым жердегі Жаңақала ауылында орналасқан «Жаңақала» шаруа қожалығы отыз жылға жуық уақытта шағын кәсіптен ірі сүт өндірушіге дейін өсіп отыр. Шаруашылықтың жетекшісі Қайрат Нұрлыбаев бүгін мерекеге орай «Парасат» орденімен марапатталды.

– Кәсіпті бастаған алғашқы жылдар бүгінгіден әлдеқайда қиын болған. Кеңес дәуірінің жоспарлы экономикасынан кейінгі өтпелі кезеңде сүт қабылдайтын зауыттар өнімді алмайтын немесе ақшасын кешіктіретін кездер жиі болған. Тіпті бартермен жұмыс істеген күндер де болды. Қазір күн сайын қаланың сүт зауыттарына өнім өткізіп отырамыз. Кейде зауыттың өзі келіп алып кетеді, еңбегімізді уақытында төлейді. Үкіметтің қолдауы бар, заманауи технологиялар енгіздік. Жұмысшылар жеткілікті, шаруашылық тұрақты дамып келеді, – дейді Қайрат Нұрлыбаев.

Бүгінде қожалықта мыңнан астам сауын сиыр бар. Барлық сүт өңдеу кәсіпорындарына күн сайын тұрақты түрде өткізіледі.

Кәсіпкер қазір ауылшаруашылығы саласында нөлден бастап үлкен өндірістік кешендерге айналған кәсіпкерлер аз емес екенін атап өтті. Ол мұны ауыл шаруашылығындағы кең мүмкіндіктердің дәлелі деп санайды.

Мемлекет басшысы Екінші агрофорумда мал шаруашылығын кешенді дамытудың маңызын да ерекше атап өтті. Павлодар облысы бұл бағытта да жақсы нәтижеге қол жеткізген.

Өңірдің жалпы сүт өндірісі биыл 250 мың тоннадан асып, тоғыз пайызға артты.

Алдағы уақытта етті мал шаруашылығын дамыту, бордақылау және сою алаңдарын ашу, өңдеу саласын кеңейту міндеттері тұр.

Осы бағыттағы негізгі бастамалардың бірі – ӘКК «Павлодар» арқылы іске қосылатын «Отбасылық ферма» жобасы. Жоба шеңберінде ауыл кәсіпкерлеріне арналған 100-ге жуық типтік ферма салу жоспарланып отыр.