Павлодар облысының шалғай ауылында стационар тарихы басталды

Павлодар облысының шалғай ауылында стационар тарихы басталды
Фото: Константин Шелков

Дәрігерлер тұрғындардың мұң-мұқтажын ескере осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Осыған дейін хабарлағанымыздай, облыста «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» атты пилоттық Ұлттық жоба жүзеге асырылуда. Ақтоғай ауданы да бұл процестен сырт қалмады. Ақтоғай аудандық ауруханасының басшысы Мадина Сабырова айтып өткендей, 2024 жылы жоба аясында Шұға және Шілікті ауылдарында медициналық пунктер салынды. 

- Шұға ауылы – шалғай орналасқан елді мекендердің бірі, аудан орталығынан 70-80 шақырым жерде. Жоб құны 148 миллион тенге болды. Оған дейін медпункт типтік емес ғимаратта – ескі үйде орналасқан болатын. Тағы бір ауыл – Шіліктіде меднысан бұрын тіпті болмаған: фельдшер сумкасын алып, әрбір шақыруға өзі баратын. Ол жақта қазір онда медбике жұмыс істейді, 60 миллионға медпункт салынды, 120-дай адам тұрады, - дейді Мадина Сабырова.

Ауылдық жерде жиі туындайтын мәселе – жаңадан салынған медпунктте күндізгі стационардың болмауы. Бұл жоба бойынша қарастырылмайды. Ереже бойынша тек дәрігерлік амбулаторияда ғана төсек орын қоятын орын көзделеді. Ақтоғайлықтар бұл мәселені де қолдан келгенше шешіп бағуда.

- Иә, шалғай ауылдарда амбулатория болмағанда үлкен кісілерге алыс ауылға немесе аудан орталығына жол жүру қиын. Сондықтан дәрігерлер медпунктерде төсек қойып, халыққа ем-шаралар жасауда. Мысал ретінде Шолақсор ауылын келтіруге болады. Ол аудан орталығынан 170 шақырым жерде: медбике күндізгі стационар тарихын ашып, дәрігер берген нұсқау бойынша системасын беріп, халыққа қызмет көрсетуде, - деді Мадина Сабырова.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық ұйымдар және инновациялық технологияларды стратегиялық дамыту бөлімінің басшысы Арман Исақаевтың сөзіне қарағанда, бұл мәселе құзырлы министрлік назарында. Медпунктерді жобалау кезінде оның ғимараттарында бірден стационар ашу мүмкіндігін қарастыру қазіргі кезде талқы үстінде.