Павлодарда кондитерлік алпауытқа айыппұл салынды

Павлодарда кондитерлік алпауытқа айыппұл салынды
Фото: pixabay.com/meineresterampe

Оны бір ай ішінде төлеу керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақта кондитерлік өнімдер нарығындағы ірі жеткізушілердің бірі – «KDV Қазақстан» ЖШС-не қатысты жүргізілген антимонополиялық тергеп-тексерудің қорытындысы шығарылды. Аталған компания Яшкино, O’3era секілді кең таралған брендтердің өндірушісі және еліміз бойынша кондитерлік өнімдерді жеткізетін ең ірі субъектілердің бірі саналады.

ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыс бойынша департаменті жүргізген тексеру кәсіпкерлік кодексіне сәйкес 90 күнге созылған тергеп-тексеру шеңберінде өтті. Тексеру барысында компанияның нарықтағы үлесі жоғары екені анықталып, «KDV Қазақстан» ЖШС доминант екені ресми түрде белгіленді.

Департамент мамандары компанияның әртүрлі контрагенттерге бірдей тауарға түрлі шарттар мен әркелкі бағалар қолданғанын анықтады. Яғни, компания бір кәсіпкерге жеңілдіктер мен арнайы шарттар ұсынса, екінші кәсіпкерге дәл сол өнімді мұндай артықшылықтарсыз сатқан. Бұл – доминант субъектілер үшін заңмен қатаң тыйым салынатын әрекет, өйткені олар нарықтағы барлық субъектілерге тең жағдай ұсынуға міндетті.

Тергеп-тексеру кәсіпорынның өңірде орналасқан өндірістік цехында жүргізілді. Мамандар компания ұсынған келісімшарттарды зерделеп, келісімдер жасасу кезінде шарттардың біркелкі сақталмағанын дәлелдейтін фактілерді анықтады. Бұл департамент жүргізген мұндай сипаттағы алғашқы нәтижелі тексерулердің бірі болды.
Анықталған құқықбұзушылықтар бойынша іс материалдары белгіленген тәртіппен сотқа жолданды. Сот шешімімен «KDV Қазақстан» ЖШС 24 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Айыппұлды ерікті түрде төлеу мерзімі – бір күнтізбелік ай.

– Доминант компаниялар нарықтағы барлық субъектілерге бірдей талаптар мен бірдей баға саясатын ұсынуы тиіс. Бұл қағиданы бұзу – бәсекелестікті шектейтін әрекет. Жүргізілген тексеру нәтижесі – әділ нарық қағидаларын қамтамасыз етудегі маңызды қадам, – деді ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің облыстық департаменті.

Бұл шешім кондитерлік өнімдер нарығындағы ашық әрі әділ бәсекені нығайтуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып отыр.