Май ауданында киім-кешек жарнамалаған шенеунік жұмыстан қуылды
Ол адамдарды шетелдік онлайн дүкендерден тауарлар сатып алуға үйреткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті 2024 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау желісі бойынша 66 тексеру іс-шарасын өткізді. Нәтижесінде 1 653 бұзушылық анықталды. Тексерудің қорытындысы бойынша 40 азамат пен мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді. Ал 35 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Департамент жоспардан тыс тексеру жүргізу барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Май аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы тарапынан ҚР заңдарында белгіленген шектеулерді сақтамау фактісін анықтады.
– «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 13-бабы 1-тармағының 2-тармақшасында мемлекеттік қызметшінің педагогикалық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін қызметпен айналысуға құқығы жоқ екені жазылған, – деді департаментте.
Осыған қарамастан, департамент жоспардан тыс тексеру барысында инспекцияның бас маманы әлеуметтік желілерде басқа елдерден тауарларды жеткізу мәселесі бойынша білім беру қызметтерін көрсету бойынша жарнама орналастырғанын анықтады.
35 жастағы әйел шетелдегі онлайн дүкендерден тапсырыс қалай жасау керектігін үйреткен және оны өзінің парақшасында жарнамалаған. Ол мемлекеттік қызметте бір жыл жұмыс істеген. Сол уақыт аралығында кәсіпкерлікке бет бұрған. Нәтижесінде мемлекеттік қызметші теріс себептермен атқарып отырған мемлекеттік лауазымынан босатылды.