Павлодарлық ұстаз: Адамға қойылған аттың кейінгі өмірге әсері болады
@Pavlodarnews.kz тілшісі Мәшһүр Жүсіп атындағы мешіттің әйел-қыздар секторының жетекшісі Ақерке Тұрғынбаймен сұхбаттасып, ұстаздан ат таңдау кезінде ата-анаға неге көңіл аударуға болатынын сұрастырып білді.
Жарық дүние есігін ашқан нәрестеге қандай ат қойған дұрыс болады?
– Хадисте бұл жайлы: «Сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар. Олай болса балаға әдемі есім қойыңдар» − делінген. Жақсы ат қою − ата ананың бала алдындағы борыштарының бірі. Ата-ана ең жақсы мағына беретін есімдер қоюға мән беруі керек. Мысалы, Абдулла (Алланың құлы) және Абдуррахман (Рахманның құлы) деген қос есімдер бар. Ескеретін мәселе – жақсы мағына берілетін болса болғаны. Пайғамбарымыз (Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандықты қабылдаған кей кісілердің нашар мағына беретін есімдерін мәнді әрі жағымды есімдерге өзгерткен. Сондықтан мұсылман ғұламалары адамға қойылған аттың кейінгі өмірге әсері болатынын айтқан. Халқымыз да осы себепті нәрестеге ат қойғанда «Атына заты сай болсын» деген тілектерін білдірген.
Жалпы, нәрестеге қашан ат қойған абзал?
– Шариғат бойынша ең абзалы нәресте өмірге келгеннен кейін алғашқы жетінші күні атын қою рәсімі жасалады. Пайғамбарымыз (Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) нәрестелерге туыла салысымен ат қойған кездері де болған. Сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.) бала туғаннан кейінгі жетінші күні мына нәрселерді жүзеге асырудың сүннет екенін мәлімдеген: ат қою және сүндетке отырғызу; туғанда нәрестенің денесіне жағылып қалған қан секілді лас нәрселерді сүртіп, тазалау; егер қыз болса, құлағын тесу; ақиқа құрбанын шалу; шашын алу; алынған шаштың салмағындай алтын немесе күміс садақа беру.
Нәрестеге ат қоюға кім лайықты?
– Балаға ат қоюға ең бірінші ата-анасы құқылы. Егер ортақ шешіммен әке-шешесі баланың атын қоюға басқаларға да рұқсат бере алады. Мысалы, атасына, әжесіне деген сияқты. Қазақы дәстүрімізде үлкендерді құрметтеп баланың атын көбіне ата-әжелеремізге қойдыртып жатамыз. Бұл да жақсы қасиет. Сондай-ақ, баланың атын аса қадірлі, тақуа, ізгі жандарға, ғалымдарға да қойдыруға болады.
Азан шақырып ат қою жайында айтып берсеңіз.
– Қазақта азан шақырып қойған аты деген сөз тіркесі бар. Қазақ халқының салт-дәстүрінде бар рәсім – егер нәрестенің әкесі өзі азан шақыра алмайтын болса, имам-молдаларды шақырып немесе азан шақыра алатын адамдарға баланың басын құбылаға қаратып, оң құлағына азанын айтып, ата-анасы таңдап қойған есімді «сенің атың пәленше ..., сенің атың пәленше ...» деп, үш мәрте айтатын болған. Рәсім аяқталған соң дұға оқылып, қатысқан туысқандары нәрестеге, оның ата-анасы мен туысқандарына ақ тілектерін айтып, үлкендер батасын берген.
Бұл іс – ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы. Шариғат бойынша нәрестенің оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтылады. Убайдулла ибн Әбу Рафиғ (Алла оған разы болсын) атты сахаба өзінің әкесінен «Фатима Әлиұлы Хасанды дүниеге әкелгенде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның құлағына намазға азан айтқандай азан айтқанын көрдім», – деген хадисті жеткізен (имам Тирмизи).
Тыйым салынған есімдер бар ма және олар қандай?
– Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағалаға қарсы келетін мағыналарды білдіретін есімдерді қоюдан тыйған. Тізбектеп айтар болсақ: «Құл» деген мағынаны білдіретін «абду» сөзін Алла Тағаланың есімі мен сипаттарынан басқа атауларға тіркеуге болмайды. Мысалы, Абдулузза – «Уззаның құлы» (Узза Исламнан бұрын табынатын пұттың аты болған), Абдулқағба – Қағбаның құлы» деген сияқты есімдер. Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Динардың құлы оңбасын, дирхемнің құлы оңбасын, өкшенің (етіктің) құлы оңбасын, матаның құлы оңбасын», – деген (Бұхари риуаят еткен).
Бұдан басқа, Алла Тағаланың көркем есімдерін сол күйінде балаға есім етіп беруге болмайды. Тек алдына «Абду» сөзін қосып қою керек. Мысалы, Алла, Рахман, Халиқ, Ахад, Разиқ, Бәрии, Раббы деген сияқты қою дұрыс емес.
Жын-шайтандардың, кәпірлердің, дінсіздердің көсемдері мен т.б. халық арасында жаман жағынан танылған кісілердің аттарын қою да мұсылман баласы үшін дұрыс емес. Мысалы, Ібіліс, Ифрит, Перғауын, Һаман, Жалұт, Әжүж, Мәжүж, Хосрау, Цезарь, Ленин, Сталин, Энгельс, Маркс, Тельман, Дарвин, Коммуна, Партия т.б.
Нәрестеге ат таңдаудағы басты талаптарға тоқталып өтсеңіз.
– Адамның есімі оның өмір бойы онымен бірге болады. Өмірінің соңына дейін ең көп қайталанып айтылатын болғандықтан есімі жаман мағына беретін болса немесе баланың жынысына сәйкес болмаса оған көптеген ыңғайсыздық тудырады. Ал, бұл өз кезегінде баланың бойында есімін қойған адамға деген жеккөру сезімін тудырады. Есімді таңдау ата-анаға жауапкершілікті талап ететін болғандықтан оны жан-жақты қарастырған жөн. Яғни, ол есімнің мағынасына, көркемдігіне, нәрестеге үйлесімділігіне, оның жас кезінде, есейгенде және ақырында қартайғанда жарасымды болуына аса назар аудару керек. Оның әкесінің немесе болашақтағы балаларының есімімен үйлесімділігіне көңіл бөлінуі тиіс. Сондай-ақ әдемі естілетін, ұйқасты болғанымен мән-мағынасы жоқ аттарды да қоймау керек. Осы дүниеде әкесінің есімімен нәрестенің есімі бірге аталғаны сияқты ақыретте де нәрестенің есімі әкесінің есімімен бірге аталады.
Айта кетейік, аймақ тұрғындары ұлдарына көбінесе Әлихан, Әміре, Арлан, Мұхаммед, Имран, Максим, Руслан, Мирон деген есім береді. Қыздар арасында кең таралған есімдер – Айша, Медина, Томирис, Мәриям, Ева, София, Александра.
Медина мен Әлихан – Павлодар облысында ғана емес, Қазақстан бойынша да ең танымал есімдер қатарында. Қаңтар айында елімізде 517 Медина мен 313 Әлихан дүниеге келген.
Республикада ең таңымал болған есімдер – Асылым, Айша, Айлин және Томирис, Мұхаммед, Айсұлтан және Алдияр.