Екібастұз ЖЭО мамандарына жаңа ғимарат салынуда

Екібастұз ЖЭО мамандарына жаңа ғимарат салынуда
Фото: Аяужан Жетес

Нысан бір мезетте 560 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ЖЭО-на барып, құрылыс барысымен және жылу беру маусымының қарқынымен танысты.

Екібастұз жылу электр орталығының аумағындағы жаңа әкімшілік-тұрмыстық ғимараттың жалпы ауданы 2,4 мың шаршы метрді құрайды. Жоба жетекшісі Әліби Қадырқұловтың айтуынша, киім ауыстыратын бөлмелер 406 ер адамға және 154 әйелге арналған. Әр қызметкерге жеке кілтпен жабылатын шкаф беріледі. Медициналық бөлімде екі емшара кабинеті, дәрігер қабылдайтын және науқастар уақытша болатын бөлмелер қарастырылған.

– Ғимаратта қызметкерлерге қажетті барлық жағдай жасалады. Ерлер мен әйелдерге арналған киім ауыстыру бөлмелері бөлек орналасады. Бұдан бөлек, душ, бу бөлмелері, медициналық блок, спорт залы және оқу кабинеті болады. Нысан толық автономды жұмыс істейді. Жаз мезгілінде станция тоқтаған жағдайда да ғимараттың жұмысын қамтамасыз ету үшін жеке дизель генераторлары мен су жылытқыштар қарастырылған, – деді Әліби Қадырқұлов.

Құрылыс жұмыстары шілденің соңы мен тамыздың басында басталған. Қазіргі уақытта ғимараттың металл қаңқасы толық аяқталып, қабырғалар мен шатырға арналған сэндвич-панельдерді орнату 98 пайызға орындалған. Іргетасты гидрооқшаулау және шатыр түйіндерін бітіру жұмыстары жалғасуда.

Мердігер негізгі құрылыс жұмыстарын наурызда аяқтап, сәуір айында абаттандыру, көгалдандыру, асфальт төсеу және іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Нысанды көктемде пайдалануға беру көзделген.

Жылу беру маусымы штаттық режимде өтуде

Сапар барысында өңір басшысына Екібастұз ЖЭО-ның қазіргі жұмысы туралы да баяндалды. «Energy Solutions Center» ЖШС бас директоры Айдарбек  Қыстаубаевтың айтуынша, станцияда №6 және №9 бу қазандықтары, №12 және №15 су жылыту қазандықтары жұмыс істеп тұр. №1 турбогенератор да іске қосылған.

Су жылыту қазандықтарының жылу өнімділігі №12 агрегатта – 90, №15 агрегатта – 84 гигакалория. Биыл жөндеуден өткен №15 қазандықтың жұмыс режимі реттеліп, жүктемені қажетті параметрлерге қарай өзгерту мүмкіндігі жақсарған.

– Қазіргі уақытта тоғыз желілік сорғы жұмыс істеп тұр, тағы төртеуі резервте. Жылу желісіндегі қысым 7,8/2,0 деңгейінде сақталып отыр. Берілетін судың температурасы – 70 градус. Жылу желісіне қатысты ауытқулар тіркелген жоқ, – деді Айдарбек Қыстаубаев.

Бүгінде Екібастұздағы 710 көпқабатты тұрғын үйдің барлығы жылумен қамтылған. Жекелеген үйлердегі ішкі жылыту жүйелеріне қатысты мәселелерді басқарушы ұйымдар, ПИК өкілдері мен тұрғын үй инспекциясы бірлесіп шешіп жатыр.

Мамандардың айтуынша, қазіргі жылу желісіндегі қысым қаланың шеткі учаскелеріне дейін қажетті параметрлерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қатты аяз кезінде жағдайға қарай қысымды арттыру қарастырылған.