Павлодарлықтардың ең көп жүретін ақылы жолының бірі – Астана–Павлодар бағыты
Ағымдағы жылдың он айында осы бағытта 2 миллионнан астам автокөлік жүрген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жариялаған мәліметке сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Павлодар облысы арқылы өтетін ақылы жолдарда көлік қозғалысы айтарлықтай артқан. Әсіресе, өңірге қатысты үш бағыт бойынша барлығы 4 063 784 рет көлік өткені тіркелген. Атап айтқанда, Астана – Павлодар бағытында 2 177 036 рет өту тіркелген болса, Павлодар – Семей – Қалбатау автожолы арқылы көліктер 1 135 232 рет жүрген. Ал Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы) бағытында 751 516 мәрте қатынау болған.
Осылайша, аталған үш бағыт бойынша көлік қозғалысының жалпы көрсеткіші 4 миллионнан асты.
Айта кетейік, Қазақстан бойынша есепті кезеңде республикалық маңызы бар 28 ақылы жолмен көліктер 68,3 миллион рет жүріп өткен. Оның 49,1 пайызы ең көп пайдаланылған бес бағытқа тиесілі. Биылғы 10 айдағы ақылы жолдардың жалпыұлттық рейтингінде Алматы – Қонаев (10 834 980) көш бастаса, екінші орында Шымкент – Өзбекстан шекарасы (8 033 519) және үшінші орында Шымкент – Тараз (5 652 809) бағыты тұр. Ал Астана – Павлодар бағыты – 13 орында.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында қолайсыз ауа райында жалпы сыйымдылығы 15 873 адамды құрайтын 186 жылыту пункті әзірленген. Оларда 2 867 төсек-орын бар.