Павлодар облысында ажырасқандар саны артты

Павлодар облысында ажырасқандар саны артты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

2023 жылғы қаңтар-маусым аралығында үш облыста ажырасудың ең жоғары көрсеткіші тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

АХАТ мәліметінше, ажырасу туралы сот шешімдерін есепке алмағанда, 1000 адамға шаққанда ажырасу көрсеткіші – 0,83. Бір жыл бұрын 0,94 болған.  Өңірлер бойынша ажырасудың ең жоғары көрсеткіші Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарында тіркелсе, Түркістан облысында керісінше  азайған.

Ranking.kz сарапшылары таратқан ақпаратқа сүйенсек, 2023 жылдың жартыжылдық қорытындысы бойынша елімізде 53,8 мың жұп неке қиды, бұл – былтырғыдан 2,2% аз. Қалаларда қиылған неке саны бір жылда 35,5 мыңға дейін 16,7% төмендесе, ауылдарда бірден 47,4%, 18,4 мыңға дейін өсті. 

Алты айда ажырасу саны 8,2 мыңды құрады, бұл – былтырғыдан 9% аз. Қалаларда ажырасу бір жылда 14,8%, 6 мыңға дейін азайып, ауылдарда 12,6%, 2,1 мыңға дейін өсті. 

Өңірлер бойынша ең көп неке қию Алматыда: 5,7 мың –  былтырғыдан 19,7% аз. Неке көп қиятындар үштігіне Түркістан облысы (5,5 мың неке, бір жылда 8,3% азайған) және Астана (4,7 мың неке, 6,2% азайған) кірді. Ең аз неке Ұлытау облысында тіркелген – 663.

Елдегі некеге тұру көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 5,77-ден 5,46-ға дейін төмендеді. Некенің ең жоғары көрсеткіші елордада тіркелді: 1000 адамға шаққанда – 6,9. Үздік үштікке Маңғыстау мен Алматы облыстары кірді.