ІІМ көлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін алу ережелерін өзгертпек
Бұдан былай емтиханды үш рет тапсыра алмағандар үшін келесі мүмкіндік ақылы болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ішкі істер министрлігі мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдету және жылдамдату мақсатында көлік құралдарын тіркеу мен жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру қағидаларына түзетулер әзірледі. Жоба аясында бірқатар артық рәсімдер алынып тасталмақ.
Мәселен, автокөлікті қайта жабдықтағаннан кейін оны бөлек тексеруден өткізу талап етілмейді – енгізілген өзгерістің қауіпсіз екенін растайтын құжаттың болуы жеткілікті.
Сондай-ақ емтихан тапсыру тәртібіне де жаңа талаптар енгізіледі.
– Емтиханды бірінші рет тапсыра алмасаңыз, келесі жұмыс күні қайта тапсыруға болады. Екінші рет те сәтсіз болса, дайындалуға 10 күн беріледі. Теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмасаңыз, сол емтиханды кейін қайта тапсыру ақылы болады. Бұл шара емтиханға қосымша дайындалу үшін енгізіліп отыр. Сонымен қатар теориялық емтиханды тапсырып, практикалық емтиханнан өте алмасаңыз, теориядан алған нәтижеңіз сақталады, – деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранова.
Бұдан бөлек, шетелдік жүргізуші куәлігін отандық құжатқа ауыстыру үшін алдымен теориялық емтихан тапсыру қажет. Сондай-ақ уәкілетті орган куәлікті берген елдің құзыретті мекемесіне ресми сұрау жіберіп, құжаттың түпнұсқалығы расталғаннан кейін ғана ауыстыру жүзеге асырылады.