Павлодарда әкім жүлдесі үшін бокстан алғашқы республикалық турнир басталды
Жарыс 16 салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда жасөспірімдер арасында қала әкімінің жүлдесі үшін бокстан алғашқы ашық республикалық турнир өтіп жатыр. Жарысқа төрт өңірден 140 жас боксшы қатысуда. 4-7 қазан аралығында «Автомобилист» спорт кешенінде 2013-2014 жылдары туған жасөспірімдер арасында бокстан жарыс өтуде. Павлодарлық спортшылардан бөлек, Абай облысы, Қарағанды және Астана қаласының командалары да турнирге қатысуда.

Жарыс 16 салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылған. Жас спортшылар шаршы алаңда техникалық шеберлігін, төзімділігін, мінезі мен жеңіске деген жігерін көрсетуде. Павлодар облысының бокс федерациясының атқарушы директоры Азамат Мақажанов турнирдің қала тарихындағы алғашқы ашық республикалық жарыс екенін атап өтті.
— Бұл — Павлодарда алғаш рет өтіп отырған ашық республикалық турнир. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Жекпе-жектеріңіз жарқын әрі тартысты болсын. Ең мықтысы жеңіске жетсін, — деді Азамат Мақажанов.
Жарыс қонақтарының қатарында Астана қаласының бокс федерациясының вице-президенті Бақытжан Қожабеков те болды. Ол жас спортшыларға сәттілік тілеп, турнирді ұйымдастырушыларға жылы қабылдағаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ шараға Токио Олимпиадасының қатысушысы, Қазақстан боксының белгілі өкілі Серік Теміржанов қатысты.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Евгений Выприцких те жас боксшыларға ақжолтай тілегін жеткізді.
— Мұндай турнирдің алғаш рет ұйымдастырылып отырғаны қуантады. Бұл жарыс — сіздердің Серік Теміржанов секілді спортшылар болып өсуге деген жолдарыңызға жасалған үлкен қадам. Күшті, мақсатшыл әрі нағыз Қазақстан азаматтары болыңыздар, — деді Евгений Выприцких.
Турнирдің басты мақсаттары — балалар мен жасөспірімдер арасында боксты насихаттау, спортшылардың шеберлігін арттыру, жарыс тәжірибесін қалыптастыру және болашағы зор жас боксшыларды анықтау.
Әр салмақ дәрежесінде жеңімпазға грамота мен чемпиондық белбеу табысталады. Екінші және үшінші орын иегерлері медальдармен және грамоталармен марапатталады. Сонымен қатар «Үздік боксшы», «Үздік техника» және «Жеңіске деген жігері үшін» номинациялары бойынша үш арнайы кубок табысталады.
Турнирдің финалдық жекпе-жектері мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 7 қазанда өтеді.