Павлодарда жас боксшылар чемпиондық белбеулерге таласты

Павлодарда жас боксшылар чемпиондық белбеулерге таласты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Республикалық турнирге еліміздің бірнеше өңірінен 140 спортшы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, қала әкімінің жүлдесіне арналған республикалық турнир «Автомобилист» спорт кешенінде өтті.

Жарысқа 2013–2014 жылдары туған Павлодар, Абай, Қарағанды облыстары мен Астана қаласының жас боксшылары қатысты. Олар 30 келіден 70 келіге дейінгі 16 салмақ дәрежесінде бақ сынады.

Бірнеше күнге созылған додада спортшылар чемпиондық атақ үшін жекпе-жек өткізіп, өздерінің дайындығы мен шеберлігін көрсетті.

– Бірнеше күн бойы рингте тартысты жекпе-жектер, жарқын эмоциялар және жеңіске деген жігер көрініс тапты. Әрбір жекпе-жек – үлкен спортқа бастар тағы бір қадам, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Турнир қорытындысында әр салмақ дәрежесінің жеңімпаздары чемпиондық белбеулермен және грамоталармен марапатталды. Екінші және үшінші орын алған спортшыларға медальдар мен грамоталар табысталды.

Сонымен қатар жарыста «Үздік боксшы», «Үздік техника» және «Жеңіске деген ерік-жігері үшін» аталымдары бойынша арнайы кубоктар қарастырылды.

Ұйымдастырушылар қатысушыларға, жаттықтырушылар мен төрешілерге алғыс білдірді.