Павлодарда жасанды интеллектінің жалақы мен еңбек жағдайына әсері талқыланды
ҚР Кәсіподақтар федерациясы өкілдерінің пікірлерінше, жасанды интеллектіні енгізудің игілігін жұмыскерлер де көруі тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту және жасанды интеллектіні енгізу жұмыскерлердің өмір сүру сапасын жақсартумен, жалақының өсуімен және қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастырумен қатар жүруі тиіс. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнара Жұмагелдиева Павлодар облысы кәсіподақтарының аумақтық бірлестігі үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, жасанды интеллект қазірдің өзінде өндірістік үдерістерді, логистиканы, басқару жүйесін, сапаны бақылауды және кәсіби құзыреттерге қойылатын талаптарды өзгертіп жатыр. Мұндай жағдайда кәсіподақтар технологиялық өзгерістерді сырттай бақылаушы емес, оған тікелей қатысушы болуы қажет.
- Біз технологияларға қарсы емеспіз. Керісінше, заманауи технологиялар өндірісті жеңілдетеді, оны қауіпсіз етеді, қауіпті факторларды азайтып, апаттық жағдайларды алдын ала болжауға көмектеседі. Алайда біз үшін маңызды мәселе бар: егер технология еңбек өнімділігін арттырса, осы өсімнің нәтижесі қалай бөлінеді? — деді Гүлнара Жұмагелдиева.
Федерация өкілі цифрландырудың экономикалық тиімділігі кәсіпорын иелерінің табысын арттырумен ғана шектелмеуі керектігін атап өтті.
- Егер жаңа технологиялардың арқасында кәсіпорынның тиімділігі артса, оның игілігін тек меншік иесі ғана емес, жұмыскер де көруі тиіс. Бұл жалақыны көтеру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қауіпті және ауыр еңбекті қысқарту, жаңа мамандықтарға оқыту және кәсіби өсуге жаңа мүмкіндіктер беру арқылы жүзеге асуы керек, — деді ол.
Бұл мәселелер экономикасы өнеркәсіп, металлургия, энергетика және химия өндірісімен тығыз байланысты Павлодар облысы үшін айрықша өзекті.
Кәсіподақтар федерациясы төрағасы орынбасарының пікірінше, экономиканы жаңғырту әлеуметтік жаңғырумен қатар жүргізілуі қажет. Атап айтқанда, қызметкерлерді өзгерістерге алдын ала даярлау, қайта оқыту жүйесін дамыту және еңбек ұжымдарының мүддесіне қатысты шешімдерді қабылдауға кәсіподақтардың қатысуын қамтамасыз ету маңызды.
Гүлнара Жұмагелдиева еңбекті қорғау тәсілдерін өзгерту қажеттігіне де тоқталды. Оның айтуынша, кәсіпорындар жазатайым оқиғалар орын алғаннан кейін ғана әрекет етудің орнына, заманауи технологияларды пайдалана отырып, өндірістік тәуекелдердің алдын алуға басымдық беруі тиіс.
Бұл тақырыпты БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча жалғастырды. Ол цифрландыру мен энергетикалық ауысу жұмыскерлердің мүдделерін ескере отырып жүзеге асырылуы керектігін атап өтті. Әсіресе жаңа жағдайларға бейімделуі қиын азаматтарға ерекше көңіл бөлу қажет.
- Мұндай өзгерістер жұмыскерлердің орнына емес, олармен бірге жүзеге асырылуы тиіс. Бұл адамдарды алдын ала қайта даярлауды, жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беруді, кәсіподақтарды талқылауларға қатыстыруды және өзгерістерге бейімделуі қиынырақ азаматтарға ерекше назар аударуды білдіреді, — деді БҰҰ өкілі.
Жиынға қатысушылар жасанды интеллектіні енгізу кәсіпорындардың тиімділігін арттырумен қатар, жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге, денсаулығын сақтауға және кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал етуі тиіс деген ортақ пікірге келді.