Павлодарлық полицейлер джиу-джитсудан халықаралық турнирде топ жарды

Павлодарлық полицейлер джиу-джитсудан халықаралық турнирде топ жарды
Фото: Павлодар облысының полиция департаменті

Спортшылар енді Әбу-Дабиде өтетін әлем чемпионатына дайындалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, Астана қаласында джиу-джитсудан халықаралық турдың финалдық кезеңі аяқталды. Ауқымды жарыста өңір намысын қорғаған полицейлер Максим Басов, Кенжебек Азылбеков және Рустам Кузембаев жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Азия жүлдегері Кенжебек Азылбеков тартысты белдесулер өткізіп, алтын медаль жеңіп алды. Ал халықаралық турнирлердің чемпионы Рустам Кузембаев күміс және қола медальды қанжығасына байлады. Сондай-ақ Максим Басов турнирде алтын мен қола жүлдені иеленді.

– Жарыс жоғары деңгейде өтті. Жаттығу қарқынын күшейттім. Жүлделі орынға ие болғаныма өте қуаныштымын. Қарсыластарым мықты болды. Енді 17–18 қарашада Әбу-Дабиде өтетін Abu Dhabi World Pro әлем чемпионатына дайындаламын, – деді Кенжебек Азылбеков.

Полиция департаментінде атап өткендей, мұндай спорттық жетістіктер тәртіп сақшыларының кәсіби дайындығын шыңдап, қызметтің беделін арттыруға ықпал етеді.