Аққулар көлі: Павлодарда қызыл кітапқа енген құстар күзгі көші-қонды бастады

Аққулар көлі: Павлодарда қызыл кітапқа енген құстар күзгі көші-қонды бастады
Фото: Аждар Жүсіпов

Аққулы ауданындағы Аққулар көлінде Қызыл кітапқа енген сұңқылдақ аққулардың үлкен тобы байқалды. Күзгі қоныс аудару кезеңі басталған тұста құстар жылы жаққа ұшуға дайындалып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аққулы ауданындағы көрікті көлдердің бірі – Аққулар көліне барған Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіпов ерекше көрініске куә болған. Су бетінде жүзіп жүрген аққулардың көптігі табиғаттың әсемдігін айшықтай түскен. Оның айтуынша, құстар оңтүстікке қарай қоныс аударуға дайындалып жатыр.

– Мұнда Қазақстанның Қызыл кітабына енген сұңқылдақ аққуларды көруге болады. Олар оңтүстікке ұшуға дайындалып жатқан сияқты. Керемет көрініс, көлде аққулар өте көп. Табиғатты аялайық, – деді ол. 

Аждар Жүсіповтің айтуынша, аққулардың күзгі қоныс аударуы, әдетте, қыркүйек айында басталып, қазан-қарашаға дейін жалғасады. Құстардың ұшу мерзімі ауа райына, су айдындарының қатуына және қоректің жеткілікті болуына байланысты өзгеруі мүмкін.

Күзде аққулар оңтүстік және оңтүстік-батыс бағытқа бет алып, қыстауға қолайлы өңірлерге қоныс аударады. Олардың бір бөлігі Каспий теңізі маңына, ал кейбірі Орталық Азияның жылы аймақтарына дейін ұшуы мүмкін. Жол бойында құстар өзен-көлдерге тоқтап, тынығып, қоректенеді.

Көктемде, көбіне наурыз-сәуір айларында, аққулар ұя салатын мекендеріне қайта оралады. Ал суы қатпайтын әрі қорегі жеткілікті су айдындарында кейбір құстар қыстап қалуы да мүмкін.

– Аққулар байқалған кезде мамандар олардың санын, орналасқан су айдынын, ұшу бағытын, мінез-құлқы мен жалпы жағдайын тіркейді. Егер жарақаттанған немесе әлсіреген құстар анықталса, оларға көмек көрсетіледі. Аққулар – су айдындарының табиғи байлығы әрі өңірдің көркін арттыратын құстардың бірі. Сондықтан олардың мекен ету ортасын сақтау, тыныштығын бұзбау және жабайы құстарға ұқыпты қарау маңызды, – деді мекеме басшысы.

Аққулар көліндегі көрініс күзгі табиғаттың әсемдігін ғана емес, құстардың жыл сайынғы табиғи көші-қонының басталғанын да аңғартады. Табиғатты аялау – осындай байлықты келер ұрпаққа аман жеткізудің басты шарты.